Ұлытау облысында сәби өлімі жиілеп кетті

Жыл басынан бері Ұлытау облысында 12 сәби шетінеген, деп хабарлайды 24KZ.

«Оған нәрестелерден анықталған cырқат себеп», - дейді дәрігерлер. Алайда ата-аналардың бұған айтар өз уәжі бар. Бауыр еті баласынан айырылған кей отбасы жұмысына салғырт қараған дәрігерлерді кінәлайды. Жалпы өңірде ана мен бала өлімі жыл санап азайып келеді. Дегенмен, халық саны 200 мыңнан сәл ғана асатын облыс үшін бұл төмен көрсеткіш емес.

Туғанына ай толмай жатып шетінеп кеткен Айтөренің әпкесі Нұргүл Талғатбекова інісінің өліміне дәрігерлердің салғырттығы себеп болды дейді. Оның айтуынша, жеңгесінің жүктілік кезеңі қалыпты өткен. Перзентханадан сап-сау шыққан нәрестеден 2 аптадан соң жөтел байқалып, учаскелік дәрігердің нұсқауымен 5 күн бойы үйде ем қабылдаған. Ақыры ауру асқынған соң облыстық аурухананың жансақтау бөліміне түсіп, сол жерде қайтыс болған.

Нұргүл Талғатбекова, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Телемедицина қайтыс болатын күні таңертең ғана жүргізілді. Телемедицинаның өзінде дозаның көп екенін айтты. Өте кеш хабарласқанын айтты. Бұл жерде біз нақты дәрігерлердің салғырттығынан деп көріп отырмыз.

Нұргүл Талғатбекова «сәбиге диагноз дұрыс қойылмады, жөтелге шалдыққан баланы бірнеше күн үйде ем алуға мәжбүрледі» дейді. Сондықтан кінәліні анықтау үшін құқық қорғау органдарына шағымдануға бел байлап отыр. Қазір аталған іс бойынша Денсаулық сақтау министрлігінің сапаны бақылау комитеті тексеріс жүргізіп жатыр. Полиция департаменті де қылмыстық іс қозғаған.

Еркебұлан Бейсембаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Ол бала туралы әлі медициналық сараптама дайын емес. Ол 1 айға жуық уақытта дайын болады. Шешімі шыққаннан кейін ол жерде дәрігердің кінәсі толық дәлелденетін болса, міндетті түрде тиісті шара қолданылады деп ойлаймын.

Облыс өңірлер арасында бала өлімі бойынша 17-орында. Өткен 4 айда өмірге келген 1160 нәрестенің 12-сі шетінеп кеткен. Ал, өткен жылдың осы кезеңінде 19 сәби көз жұмған еді. Бір жылда көрсеткіш 36%-ке төмендеген. Денсаулық сақтау басқармасы сәбилердің өліміне әсер еткен бірнеше факторды атады.

Еркебұлан Бейсембаев, облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары:

- Барлық мамандар бізде бар. Бірақ бізде олар аз. Себебін сұрап жатырсыз ғой, себебі - кадр тапшылығы. Дәрігердің де кінәсі болуы мүмкін. Медициналық ұйымға кеш келгенінің себептері де бар бірнеше жағдайлар бойынша. Және де туа біткен ақаулар. Мерзімінен ерте босанып қалу.

Былтыр облысқа өзге өңірлерден 19 дәрігер қоныс аударған. Бұл жұмыстар биыл да жалғасады. Оған жергілікті қазынадан 150 млн теңге бөлініп отыр. Әр маманға 8 млн теңге қаржылай көмек және баспана беріледі. Бұдан бөлек, Денсаулық сақтау министрлігі тарапынан медицина мекемелерін қажетті құралдармен қамту шаралары жүріп жатыр. Жоспар бойынша келер жылы облыс орталығында заманауи перзентхананың құрылысы басталуы тиіс.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Нұрбол Үздікбаев