Мыңдаған атбасарлық экологиялық акцияға шықты

«Таза Қазақстан» жобасы аясында Ақмола облысында экологиялық акция өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Атбасар ауданының тұрғындары бірнеше елді мекеннің аумағын ретке келтіріп, абаттандырды.

Бұл жолы экологиялық акцияға мыңдаған атбасарлық шықты. Тұрғындар қоқыстарды тазалап, ағаштарды ақтап, қоршауларды бояды. Қаланы тазартуға негізінен оқушылар, студенттер мен жастар қатысты. Олар Жабай өзенінің жағасындағы қоқысты та жинады.

Камила Рыспекова, Атбасар ауданы жастар ресурстық орталығының жетекшісі:

- Жастар аулалар мен белгілі бір аумақтарды тазалаумен айналысады. Әкімдік бізге тиісті орынды анықтап береді. Сондай-ақ біз ағаш егеміз. Жақында «Жасыл ел» бағдарламасы басталады, яғни, жастар қаламызды көгалдандыруға белсенді қатысады. Жалпы Атбасар ауданында волонтерлік өте жақсы дамыған, біз әрқашан көмекке асығамыз.

Жергілікті билік өкілдерінің айтуынша, қазір елді мекендердің келбетіне айрықша көңіл бөлінуде. Бұл істе ұжымдары апта сайын сенбілікке шығатын кәсіпорындардың үлесі орасан.

Аманбек Қалжанов, Атбасар ауданының әкімі:

- Қаланың өзі барлық мекемелерге, ұжымдарға, бизнестеге бөлініп-бөлініп, жетісіне екі рет тазалық жұмыстарына, абаттандыру жұмыстарына шығып, қазіргі таңда барлық көшелерді түгел тазартып болдық. Мынау су тасқынынан кейін алты елді мекенде жол болмаған, сол жолды, инфрақұрылымдардың бәрін қалпына келтірдік. Қазіргі қаланың ішін, өзен-көлдердің жағасын тазартып болдық. Тазарту, абаттандыру жұмыстары жалғасын таба береді.

Жалпы соңғы айда Атбасар ауданында екі жүзден астам экологиялық іс-шара өтті. Мәселен, таза бейсенбілік, сенбіліктер ұйымдастырылып, су қоймалары мен жағалауды тазарту бойынша экоакциялар өткізілді.

Авторлары: Достық Талғатұлы, Аслан Әбутәліпов, Евгений Шинкаренко