Тасқыннан зардап шеккен атыраулық шаруаларға өтемақы төленеді
Атыраудағы тасқыннан зардап шеккен аудандарда шаруа қожалықтарына өтемақы төлеу бойынша комиссия құрылуда, деп хабарлайды 24KZ.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, өңірде 85 гектар егін алқабы су астында қалған. Тасқын судан Қызылқоға, Жылыой, Махамбет, Индер аудандарында және Атырау қаласындағы шаруа қожалықтарының бірқатары зардап шекті. Қазіргі кезде қауіп төніп тұрған 500 гектардан астам егін алқабы қоршалып, бөгет орнатылған. Бір ғана Махамбет ауданында тасқын қауіпі бар аймақтарда егінмен айналысатын 7 шаруашылық, мал шаруашылығымен айналысатын 19 қожалық бар.
Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бөлім басшысының міндетін атқарушы:
- Атырау облысы бойынша зардап шеккен аудандарда комиссия құрылып, тиісті құжаттар жасақталуда. Зардап шеккен қожалықтардың өтініштері қабылданып, қағидаға сәйкес шығындар өтелетін болады.