Алматыда Заманбек Нұрқаділовке ескерткіш тақта орнатылды
Бүгін Алматыда көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, белгілі саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің тұрған үйіне ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды 24KZ.
Заманбек Қалабайұлы – Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында көптеген жауапты қызметтерді абыроймен атқарып, өңірлерді өркендетуге зор үлес қосқан тұлға. Қайраткердің 80 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаев есімін жаңғыртып, еңбегіне лайықты баға беру жөнінде бастаманы көтерген болатын.
Жазушылар үйі аталып кеткен Құрманғазы мен Мәуленов көшелерінің қиылысындағы мына үйде Заманбек Нұрқаділов 10 жылға жуық тұрған. Қолына қалам ұстаған талай қаламгермен көрші болып, жүздесіп араласқан. Ескерткіш тақтаның ашылуына келген Заманбек Қалабайұлының замандастары марқұмды еске алып, оның қайраткерлігі, ел үшін жасаған еңбектері ұмытылмайтынын жеткізді.
Қайрат Нұрқаділов, З. Нұрқаділовтың ұлы:
- Осы үйге көшіп келгенде мен 17 жаста едім. Бұл үйде атақты жазушылар тұратын. Әкем осы жерді ерекше жақсы көрді. Айналасы ашық, тыныш аудан еді. Қазір бұл үйде анам тұрады. Әкемнің отын өшірмей, заттарын сақтап отыр. Бүгін, міне, Президентіміздің пәрменімен әкеміз ескерткіш тақта ретінде шаңырағына қайта оралды.
Заманбек Нұрқаділов Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы Алматы қаласының тұңғыш әкімі болды. Бұл ең қиын кезең еді, – дейді бүгінгі көзкөргендер. Аумалы-төкпелі уақытта қаланың тізгінін ұстап, қиындыққа дес бермей, бас қаланың өркендеуі жолында тер төкті.
Нұрлан Оразалин, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты:
- 9 жыл басқарды осы қаланы. Ең ауыр кездерде басқарды. Алматының төңірегіне, айналасына бүкіл елді қалай қоныстандырғанын, босып келіп, Алматыдан пана іздеген біздің ұлдарымыз бен қыздарымызға қалай жерді өзінің пәрменімен, күшімен билікті көндіріп отырып бергені біздің көз алдымызда. Бұл ерлік болатын.
Заманбек Нұрқаділовтің 80 жылдығына орай жыл соңында қайраткердің туған жері Кеген ауданында тұғырлы ескерткіші қойылады.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Эдуард Кон.