Петропавлда 44 көшеге асфальт төселеді

Биыл Петропавлдың жолдарын жөндеуге 5 млрд теңге бөлінді, деп хабарлайды 24.kz.

Бұл жолы жергілікті билік өкілдері қаланың орталығын қоя тұрып, шеткі аудандарға басымдық бермек. Өйткені облыс орталығында әлі күнге дейін асфальтталмаған көше өте көп.

Қала шетіндегі «Солнечный» ықшамауданында Андрей Дудоладов 1997 жылдан бері тұрады. Содан бері көшесінде асфальт жоқ. «Бір рет төселген қиыршық тастан мән болмады», - дейді зейнеткер.

Андрей Дудоладов, қала тұрғыны:

-3 жыл бұрын қиыршық тас пен құм төселді. Оның өзі көп ұзамай ойылып қалды. Өйткені ешкім үстінен тегістеп өткен жоқ. Әкімдікке бірнеше рет өтініш бердік. Сол күйі асфальт салынбады. 

Петропавлда осы сияқты көше өте көп. Мамандардың айтуынша, қала бойынша 180 шақырым жол бірде-бір рет асфальтталмаған. Сондықтан биыл сол көшелерге баса мән беріледі. 

Әсем Айтулова, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

-Биыл біз қаланың шеткі аудандарына үлкен назар аударатын боламыз. Сол жерлердегі ешқашан асфальт болмаған жолдарға асфальт саламыз. Бұл - 39 көше. Жалпы 5 млрд теңге биылғы жылға қарастырылып отыр.

Былтыр қала бойынша 47 көше асфальтталған. Бірақ оның жетеуі сапасыз болып шығып, жұмыс қабылданбай қалды. Ақшасы да аударылған жоқ. Енді бұл аумақтар мердігерлер есебінен қайта салынбақ.

Жалпы Петропавлда 212 көшеде асфальт жоқ. Осыған байланысты жергілікті билік өкілдері арнайы бағдарлама қабылдады. Ол бойынша қаладағы барлық жол алдағы бес жылда ретке келтіріледі.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков