Алматыда Мұрат Әуезовті ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін қазақ жұрты ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Мемлекет және қоғам қайраткері, І дәрежелі Барыс орденінің иегері Мұрат Әуезовпен қоштасты.

Асылдың сынығы, әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлы ел тарихы мен мәдениетін зерделеп Қазақстанның қалыптасуына, Тәуелсіздіктің орнығуына алғашқы заңдық құқықтық негіздемелердің қабылдануына үлес қосып, мемлекеттік қызметте де парасат биігінен көрінді. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында өткен қоштасу рәсіміне зиялы қауым өкілдері, Мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысты. Қаралы жиында Мемлекет басшысының көңіл айту хатын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев оқыды. «Мұрат Мұхтарұлы ұлт руханиятының алға басуына қазақ ғылымының көкжиегін кеңейтуге бар саналы ғұмырын арнаған зиялы парасатты тұлға еді. Қазақ әдебиеті мен мәдениетін, тарихын терең зерделеп, соңына өлшеусіз мол мұра қалдырды» делінген көңіл айту хатында.

Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:

- Қазақстанның халықаралық дәрежедегі беделінің артуына өзінің қоғамдық саяси істерімен зор үлес қосты. Ғибратты ғұмыр кешіп, кемел де кемеңгер әке жолын лайықты жалғаған Мұрат Мұхтарұлының жарқын бейнесі мен қадірлі есімі халқымыздың жүрегінде мәңгі сақталады.