Бағдаршамның сары түсіне өткендер емтихан тапсырады
Көлікпен бағдаршамның сары түсіне өтсеңіз, жүргізуші куәлігінен айырылуыңыз мүмкін. Айыппұлы да қомақты, деп хабарлайды 24kz.
Астаналықтар қазір сары түске тоқтауға дағдыланған. Мамандардың айтуынша, нәтиже де бар.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Бағдаршамның сары түсіне бірнеше мәрте өткен жүргізушілер емтихан тапсырады. Ал емтиханнан құласа, куәлікпен қош айтысады. Бұдан бөлек, 55 мың теңгеден астам айыппұл төлеуге тиіс.
Бауыржан Тоқжұманов, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Егер де бір жылда екінші рет осындай әкімшілік құқықбұқзушылық жасайтын жағдайда ол азамат Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 591-бабы 2-бөлімімен жауапкершілікке тартылады. 15 айлық есептік көрсеткіш түрінде және де жүргізушіні жол жүру ережесі білімін тексеру нәтижесінде емтиханға жолдайды. Егер емтиханды тапсыра алмаған жағдайда 6 айға жүргізуші куәлігі тоқтатылады.
Бұл ереже жолдағы апатты азайту мақсатында енгізілді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, жаңа талап жемісін бере бастады.
Бауыржан Тоқжұманов, Астана қаласы ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:
- Бағдаршамның сары түсіне айыппұл рәсімделгеннен бастап оң нәтижесін беріп жатыр. Наурыз айынан бастап енгізген уақыттан қазіргі таңға дейін ондай себептермен екі ғана, екі жол-көлік оқиғасы ғана тіркеліп, екі адам дене жарақатын алды. Ал бұған дейін, яғни, сары түсті кіргізбей тұрғанға дейін былтыр 23 болатын, 23 жол-көлік оқиғасы болып, 23 адам дене жарақатын алған.
Дегенмен, қала тұрғындарының пікірі сан алуан. Бірі жаңа тәртіпті қолдаса, қарсылар да бар.
Сұлтан Тоқпанов, қала тұрғыны:
- Сары жанған кезде көліктің жүрмеуін, айыппұл келуін дұрыс деп есептеймін. Өйткені ол қаладағы кептелдісті азайтады деп ойлаймын және әртүрлі соқтығыс, апаттарды азайтады деп ойлаймын. Және өте дұрыс шешім негізі.
Абылай Тәңірберген, қала тұрғыны:
- Мен әрқашан жасыл жанып-өшіп жатады ғой, сол сәтте мен өтіп кетемін. Өйткені сен жасыл жанып-өшіп жатқан кезде мысаоы 50-мен келе жатсаң, сен тежегішті бассаң, артыңдағымен соғысатын сәттер болады. Өзімде соңғы бір айдың ішінде сондай сәттер болды. Маған бұрынғыдай қала бергені дұрыс сияқты.
Қазір Астанада 13 мыңнан аса «Сергек» камерасы бар. Наурыз айынан бері 18 мыңнан астам ереже бұзу дерегін анықтады. Бұл айыппұлдардың жалпы сомасы 300 млн теңгеден асады.
Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мерей Талап