Абай облысында ауызсу тапшы 29 ауыл бар
Абай облысындағы 29 елді мекенде ауызсу тапшы. Өңірде 50 мыңға жуық адам тіршілік нәріне зәру болып отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Жергілікті билік өкілдері 2025 жылға дейін 53 жоба іске асатынын айтып отыр. Осылайша, өңір тұрғындарын түгел ауызсумен қамту жоспарланған.
Нахаловка ауданының тұрғындары 30 жыл бойы ауызсудан тарығып келеді. Жергілікті жұртшылық әкімдіктің табалдырығын тоздырып біткен. Алайда нәтиже жоқ.
Ульфат Сеймұханова, қала тұрғыны:
- Ұмыт қалған адамдар сияқтымыз. Қаланың ортасында тұрамыз, бірақ суымыз жоқ. Ана жақтан «колонка» іздеп, мына жақтан «колонка» іздеп жүреміз. Анау көпірдің астына барамыз су алу үшін. Ешқандай шара қолданылмай жатыр. Біз соған наразымыз. Билік өкілдерін не үшін сайлаймыз. Бәрі бір-біріне сілтейді.
Фарида Тайырбекова, қала тұрғыны:
- Шешіледі жағдай деп кеткен. Енді одан бері үнсіз. Не су жоқ үйімізде. Құдықтан ғана. Жазда ол су тартылып қалады. Жаз бойы бақша суара алмай қаламыз.
Облыс бойынша 3220 шақырым су құбыры бар. Оның шамамен 50%-і тозған. Сусыз отырған тұрғындар аулаларынан құдық қазып көрген. Бірақ ондағы су ішуге жарамсыз.
Ерлан Айтмұхабетұлының Нахаловка ауданында тұрғанына 25 жыл. Айтуынша, бүкіл ауданға екі-ақ құдық бар. Оның өзі күнде істен шығады. Ауызсу келген күні жергілікті халық ұзын-сонар кезекке тұрады. Өйтпесе, сусыз қалады.
Ерлан Айтмұхамбетұлы, қала тұрғыны:
- Жұмыстан қайтқан соң су алады ғой. 1-2 сағат осы жерде тұрасың. 20-30 адам – суға келгендер кезегі. Амалсыздан тұрасың енді. 2 сағатта бір «флягты» аласың да, үйге қайтасың.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Қарапайым халық күнде осылай бірнеше шақырым жерден су тасиды. Салмағы зілдей ауыр шелектер мен осындай ыдыстарды үйге жеткізу егде жастағы жандарға қиын. Шалғайдағы ауыл аймақты айтпай-ақ қояйық. Бұл – Абай облысының орталығы Семей қаласындағы жағдай.
Облыс тұрғындарын ауызсумен қамту үшін 53 жоба әзірленген. Ол бойынша 14 ауылдық округте су құбыры тартылады. Бұған бюджеттен 8 млрд теңге қарастырылған.
Жандос Қайырханов, энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:
- 33-і тұрғындарды ауызсумен қамту бойынша жобалар болып келеді. Ал 20 жоба – бұл су құбырларының тозуын төмендету. Келесі жылы 10 шақты жоба әзірленуі керек. Қазір қалалық әкімдікпен келісіп жатыр. Нахаловка кенті бойынша жоба әзірленіп, министрлікке жіберіліп қойды. Жоба қолдау тапса, келесі жылы су тарту жұмыстарын бастаймыз.
Абай облысында 2025 жылға дейін тағы 22 жоба іске асады. Осылайша, өңірдегі қалалар мен аудандар 100% тіршілік нәрімен қамтылмақ.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов.