ШҚО-да еріктілер жазғы мектепте сыбайлас жемқорлықпен күресуді үйренеді

Еріктілерді сыбайлас жемқорлықпен күресуге үйретіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Елдің шығысында техникалық жоғары оқу орнының 50-ден астам студенті қажетті тәжірибені жазғы мектепте меңгеріп жүр. Волонтерлер Абайдың «Толық адам» іліміне де ерекше көңіл бөледі.

Техникалық университет студенттеріне арналған жазғы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мектепте әр күн қызықты өтеді. Бұл жолы 6 команда квест ойынына қатысып, бақ сынап жатыр. Жүгіріп жарысып қана қоймай, күрделі сұрақтарға да жауап беруі қажет.

Ойын талаптарынан өту оңай емес. Себебі, мұнда адамның тапқырлығымен қатар арандатушылыққа бой ұсынбау секілді қабілет те тексеріледі. Әрі ойын барысында «Парасат» сөзіне қажетті әріптерді бірінші болып жинау қажет. Бұл ұлы Абайдың «Толық адам» іліміндегі негізгі түсінік. Бұл да лагерь бағдарламасына енген.

Қуаныш Мықтыбаев, Шығыс Қазақстан техникалық университетінің комплаенс-офицері:

- Бұл ілім толық сыбайлас жемқорлыққа қатысты толық негіздері бар ішінде. Ол дегеніміз, енді әділдік, парасаттылық, таза болу, адам неғұрлым ішкі дүниесін тазарту.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет еріктілеріне арналған талап та ерекше. Өйткені олар болашақта қоғам дертіне қарсы тұрарлық мінезге ие болуы қажет. Волонтерлердің бірі Перизат Талғарбек мұны жақсы біледі. «Адалдыққа апарар жол өзіңнен басталады», - дейді ол.

Перизат Талғарбек, волонтёр:

- Еліміздегі қандай да бір мүмкін, осы коррупцияның процентін азайтуға мүмкіндік беретін шығармыз, көмектесетін шығармыз. Себебі, келе жатқан жас балаларға осы нәрсені көрсету арқылы олардың ойына бір түсінік қалыптастырамыз деп ойлаймын.

Елдің дамуына кедергі келтіретін жемқорлықтың салдары туралы студенттерге арнайы өткізілетін тренингтерде жиі айтылады. Ондай жиындарда психологтар да сөз алады.

Архат Бейсембаев, ШҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі департаментінің басқарма басшысы:

- Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік құбылыс болғандықтан, бұған тек қана мемлекеттік органдардың өздерінің күшімен жеңу мүмкін емес. Бұған қоғам болып барлық адам қатысқан жағдайда, осы құбылысты жеңе алатындығымыздан біз осы жоба іске асуда, еріктілер жобасы. Бұл жерде адамдар қоғамда орын алып отырған қандай да бір заңсыздықтарға қарсы үйрету жұмыстарын, тексеру жұмыстарын, барлық өзінің ойларын, бастамаларын осы жоба аясында іске асыра алады.

Бүгінде өңір бойынша 150 сыбайлас жемқорлыққа қарсы волонтер бар. Олар түрлі акциялар, іс-шаралар өткізіп, мемлекеттік сатып алу порталын бақылап отырады. Нәтижесінде негізсіз баға өсімінің жолы кесіліп, бюджеттің 700 миллион теңгесі үнемделген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Анель Есенбердина, Жігер Бабақанов