Атыраулық шаруалар төрт түлікке суды әрең тауып беріп отыр

Атырау облысында төрт түлікке су жетпей, тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр, деп хабарлайды 24kz.

Нарын, Сборный каналдарына Жайық өзенінен су айдайтын қондырғылар тасқын кезінде істен шыққан. Нөпір су құбырларды бұзған. Ағысы қатты тасқын өзен жағасын кей жерде 30 метрге дейін құлатқан. Қазір жауапты мекеме су сору қондырғыларын қалыпқа келтіру жұмыстарын атқарып жатыр.

Асланбек Шығыр, тілші:

- Ақтоғай ауылының тұрғыны Шыныбек Бірәлиев – төрт түлігін мына Сборный каналынан суарып отырған шаруа. Бірақ бүгінде каналдың бойы құрғап, малына суды әрең тауып беріп отыр. Бұлай жалғаса берсе, жағдайдың қиындайтынын айтады. Ұзындығы 80 шақырым болатын каналды жағалай орналасқан шаруа қожалықтары қазір тіршілік нәрінен таршылық көріп отыр.

Шыныбек Бірәлиев, шаруа қожалығының иесі:

- Биылғы табиғи апаттың жағдайына байланысты Сборный каналының бойында су жоқ болып жатыр. Соған тездетіп жүруін талап етеміз. Жалғыз мен емес, осы Сборный каналының бойындағы, басқа да каналдардың бойындағы шаруагерлердің атынан айтып отырмын. Бәрінің де тілегі осы. Су тапшы болып жатыр. Күн ыссы, малға қиын болып жатыр.

180 шақырымға дейін созылып жатқан Нарын каналы Махамбет ауданынан басталып, Исатай ауданымен өтеді. Су сору қондырғысы істен шыққаннан кейін бұл канал да кеуіп жатыр. «Қазсушар» мекемесі Жайық өзенінен каналдарға су айдайтын қондырғының тасқын кезінде істен шыққанын айтады. Ағыспен келген томарлар құбырларды қиратқан.

Асланбек Рысжанов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:

- Тоқ желісі де үзілді. 5 опор құлады. Қазір осы Нарын каналының басындағы 2 жүзбелі насостың трубаларын қосу жұмыстары аяқталуда. Ертеңнен бастап тоқ желісін тартамыз. Содан кейін қосу жұмыстары жүргізілуі керек.

Тасқын кезінде Жайық арнасынан асып, жайылмаға шықты. Су сору қондырғыларын уақытылы жөндеуге де батпақ кедергі келтірген. Жауапты мекеме ретке келтіру жұмыстарын өткен аптаның аяғында бастады.

Асланбек Рысжанов, «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры:

- Бұл жерде су кеткенмен, осы жерге дейін техникаларымызбен келуге өте қиын болды. Алдыңғы аптаның сенбі күні техникаларымызды әкелдік. Оның ішінде тралл автокөлігі, экскаватор, кранымыз бар, гидромек экскаваторымыз бар, сондай техникаларымызбен келіп, 10-ның үстінде қызметкеріміз жексенбі-сенбі жұмыстарына қарамастан, осы жұмыстарды атқаруда.

Тасқын су каналдардың кей жерін бұзып та кеткен. Қазір «Қазсушар» мекемесінің қызметкерлері бөгетті бекітіп, қалыпқа келтіріп жатыр. Шаруалар мәселе жедел шешілсе дейді. Өйткені шіліңгір шілдеде жағдай тіпті ушығуы мүмкін.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин