Көкпектінің көпірі қашан салынады
Көктемгі тасқын Көкпекті мен Тассай ауылы арасындағы көпірді бұзып кеткен еді.
Сол кезде жергілікті әкімдік тұрғындарға өткел қайта салынады деп уәде берген.
Алайда төрт айдан бері ешқандай жұмыс жүрген жоқ. Енді "қыста орталыққа қатынай алмай, отын сусыз қаламыз ба?" деп алаңдаған халық жауаптылардан көмек сұрап отыр.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Тассай ауылынан Көкпектіге дейін шамамен 60 шақырым жер. Ал екі аралықты жалғап тұрған бұл көпір 2012 жылы салынған. Көктемдегі су тасқыны кезінде қарғын су жалғыз көпірді шайып кетті. Енді ауыл тұрғындары орталыққа қатынай алмай қиналып отыр.
Мұрат Оспанов, ауыл тұрғыны:
- Жолдың азабын тартып отырмыз. Ауданға бәріне шықтық. Ақша бөлінді дейді. Сметасын жасауға жиыны бес ай уақыт кетеді дейді. Енді оған дейін қыс болады, жауын жауып кетсе.
Көпірді қарғын су шайып кеткен кезде жергілікті билік уақытша өткел салып берген. Бірақ тұрғындар оның сапасына күмәнмен қарайды. Өйткені жауынды күндері жүк көліктері өте алмай жолда қалған. Енді ауыл халқы күзде отын-көмірсіз қаламыз ба деп алаңдап отыр.
Кәтірен Байжұманов, ауыл тұрғыны:
- Тірліктің бәрі осы жолменен. Егер бұл көпір құлап қалып, жөнделмесе халық қатты тауқымет тартады. Ертең қазан,қараша айларында қыс ерте түседі. Үлкен машиналар өте алмайды. Ең бірінші отын келе алмайды ауылға. Ауырып сырқаған кісі болса машинада бара алмайды жедел.
Ораз Намазбаев, ауыл тұрғыны:
- Ана жерге уақытша көпір салып қойды ғой. Дежурный трактор қоямыз дейді қысқыға. Дежурный трактор деген өтірік алдамшы әңгіме. Қыстың күні ана жердің бәрін қар толтырып тастайды. Ол жерде бір техника жұмыс жасайды дегенге мен сенбеймін.
Аудан әкімінің міндетін атқарушы қысқа дейін жасап үлгермейміз деп қысқа қайырды. Айтуынша қазір жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Бұған бюджеттен 21 млн теңге бөлінген.
Марат Теміржанов, Көкпекті ауданы әкімінің м.а:
- Объездноймен өтетін жағдай болса біз жағдай жасап беріп отырамыз. Ол жерге дежурный техника қоямыз. Қар бастырмаймыз. Жол болсада тазалап отырамыз. Ответсвтенный техника қоямыз. Баға да өспейді өйткені предпринмательдермен біз сөйлесеміз. Бір баға определенный болады.
Аудан әкімдігі көмірдің бағасы қымбаттамайды, ал жолаушылар жолда қалмайды деп сендірді. Осылайша Тассай ауылының тұрғындары осы қысты уақытша өткелмен жүріп өткеруге мәжбүр.
Рүстем Қайратұлы, Берік Жобалайұлы