Сәбит Мұқанов дүниеге келген ауылда бастауыш мектеп жабылады

Жазушының есімі берілген елді мекенде бала аз, деп хабарлайды 24kz.

Ғабит Мүсірепов туған көршілес Жаңажолда да мектеп-интернат жұмысын тоқтатады, деп хабарлайды 24kz.

Ұлы жазушылардың кіндік қаны тамған ауылдардың бүгінгі ахуалы қандай? Солтүстік Қазақстан облысының шалғай елді мекендеріне тілшіміз Айдарбек Айтмұхамбетұлы барып қайтты.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:

- Бұл – жазушы Сәбит Мұқановтың туған ауылы. Кезінде дүркіреп тұрған елді мекеннің бүгінгі жағдайы көңіл көншітпейді. Қазір мұнда 13 шаңырақ түтін түтетіп отыр.

Елден көшпей отырғандардың бірі – Елубай Мусин. Осы топырақта туып-өскен қария ауылының болашағына алаңдайды. Өткен шақты жиі еске алады.

Елубай Мусин, Сәбит ауылының тұрғыны:

- Бұрын ауылымыз оңды болды. Біздің ауылға жұрт қызығатын. Тазалығына, жері құнарлы. Енді міне, заманның өзгеруіне қарай ма, қалай ешкім ешқандай не қылмайды. Мектебіміз қандай, музейіміз бар. Сәбит Мұқановтың өзінің ұйымдастырған ауылы бұл өзі.

Сәбит ауылында Мұқановтың көзі болып тұрған – мына музей. «Бұл үйді кезінде жазушының өзі қарағайдан салған», - дейді тұрғындар. Кейін інісі тұрған. Қазір мұнда қаламгердің өмірі мен шығармасынан сыр шертер 750 жәбігер тұр. Оның ішінде жеке заттары да бар.

Әлия Сәрсекова, музей меңгерушісі:

- Бұл құнды жәдігердің бірі – жазу машинкасы. Жазу машинкасымен жазушы Сәбит Мұқанов газет редакциясынан бастап, романға дейінгі шығармашылық жолын атқарған. Сәбит Мұқанов өзінің соңғы шығармасы – «Аққан жұлдыз» романын аяғына дейін жеткізе алмай кетті. Осы машинкамен көп еңбегі сіңді ғой. Әрине, сол үшін құнды болады.

Ауылдан адамдар 2000-жылдары үдере көше бастаған. Ал былтыр бастауыш мектеп жабылады деген соң бірден 10 отбасы үйін тастап кеткен. Жазушының есімі берілген білім ордасында оқушы жоқ. Қазір тек шағын орталық қалды. Онда да жалғыз бала.

Жоламан Қалиев, бастауыш мектеп меңгерушісі:

- Соңғы жылдары енді сол 28-ден бастап, 20, 15 солай азайды. Солай-солай сол жөнінде мектеп жабылды. Енді облыс орталығына баратын шығармын. Жан-жаққа бардық. Солай-солай жұмыс береміз, бірақ мына жаққа келуге бас тартты көбі. Жол мәселесі бар.

Жолдың жағдайы қазақ әдебиетінің тағы бір көрнекті тұлғасы – Ғабит Мүсірепов туған Жаңажол ауылының халқын да қинап тұр. Қазір мұнда 76 үй бар. Былтыр елді мекенге су тартылған. «Енді жол салынса», - дейді тұрғындар.

Қағида Сұлтанғазина, Жаңажол ауылының тұрғыны:

- Көктемде біз мүлдем өте алмаймыз. Бір 15-20 күндей отырамыз шықпай ешқайда. Жол болса, енді бәрі отыратын еді ғой, жастар енді көбі кетіп жатыр.

Биыл Ғабең ауылында интернат жабылады. Былтыр онда небәрі 4 бала болған. Сондықтан жергілікті билік өкілдері осындай шешім қабылдауға мәжбүр.

Гүлнәр Нұрахметова, Майбалық ауылдық округінің әкімі:

- Бұл интернатта көрші Сәбит ауылынан балалар оқыды. Жалтырша ауылынан оқыды. Петровка ауылынан оқыды балалар. Биыл енді 3-ақ бала оқыған соң интернат жабық тұр. Жаңажол мен Святодуховканың екі ортасында 11-30 км-ға арналған жобалық смета бар. Енді финансирование тосып тұр.

Бала саны Жаңажолда да азайып барады. Биыл мектепке 45 оқушы ғана барады. Ал Сәбит ауылының болашағы бұлыңғыр. Қазір онда 60-қа жуық адам тұрады.

Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов