Ақтөбе облысында 10 мектептің ғимараты бүлінді
Ақтөбе облысында 48 білім беру мекемесінің ғимараты жөнделіп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Алдын ала жоспарланған нысандардан бөлек, биыл көктемде бірнеше мектепті су басып, шатырын ұшырып кеткен. Ал жаңа оқу жылының басталуына 2 аптаға жуық уақыт қалды. Білім ұялары оқушыларды қабылдауға дайын ба?
Биыл табиғаттың тосын мінезінен облыстағы 10 білім ордасының ғимараты бүлінді. 8 мектепті су басса, қалған екеуінің шатыры екпінді желге шыдас бере алмады. Қазір Тассай ауылындағы орта мектеп толық жаңартылып жатыр. Кеңес дәуірінде салынған ғимараттың қабырғаларына сызат түсіп, едені жарамсыз боп қалған.
Рүстем Жандарбаев, мердігер мекеме өкілі:
- Бұл жерде маңыздысы – еден. Одан кейін мына шатыры ұшып кеткеннен кейін су аққан. Сол дефекттердің барлығын ауыстыру үшін біз жарларды да қостық. Бұйырса, 1 қыркүйекке дайындап береміз.
Жалпы Хромтау ауданында 5 мектеп күрделі жөнделіп жатыр. Аудан орталығындағы №5 гимназияда құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Мердігер есік-терезесін, электр және жылу жүйесін, едені мен қасбетін жаңартуы тиіс. 320 орындық білім ордасына облыс бюджетінен 430 млн теңге бөлінді.
Ақжайна Сабанбаева, Хромтау аудандық білім бөлімі басшысының м.а.:
- Демеушілік есебінен 180 млн қаржы бөліп, мектепті бірінші қабаттан үшінші қабатқа дейін және әр кабинеттерді бөлек жабдықтап берейін деп жатыр. Қазіргі жалпы заманға сай модернизация деп айтылады ғой балаларға қолайлы жағдай жасау мақсатында сондай демеушілер есебінен көмек көрсетілгелі жатыр.
Облыс бойынша биыл 30 мектеп пен 12 балабақша, 2 колледж және 4 қосымша білім беру ұйымының ғимараты жаңартылып жатыр. Бұл мақсатқа жергілікті бюджет және төтенше жағдай салдарын жою резервінен 8 млрд 400 млн теңге қарастырылған.
Артур Әуезов, білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 9 мектептің және бір балабақшаның жұмыстары аяқталды. 38 нысанның жұмыстары кестеге сәйкес жүргізіліп келеді. Ағымдағы жылдың жаңа оқу жылына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Тек екі мектептің жаңа оқу жылына дейін аяқталмау қаупі бар. Себебі ол екі мектепке конкурстық партитура нәтижесі кеш шығып, жөндеу жұмыстары кеш басталған.
Дегенмен жергілікті билік өкілдері: «Бұл оқу ордаларының сабақ кестесіне еш кедергі болмайды», – деп отыр. Құрылыс жұмыстары аяқталғанша балалар көрші мектептерде білім алады.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов.