Атырауда бұралқы иттерді жоятын компанияның жұмысы күмән тудырды
Атыраудағы зоожанашырлар бұралқы итттерді жоюмен айналысатын компанияның жұмысына күдік келтіреді.
Статистикалық есепке жүгінсек, жыл басынан бері қарай облыс орталығында 6 мыңға тарта бұралқы ит ауланып, оның 95 пайызы қоршаған ортаға қауіпті ретінде көзі жойылған. Бірақ белсенділер бұл бюджет қаражатын игеру үшін жасалған көзбояушылық деп отыр. Себебі биыл бөлінген 76 млн теңгеге жуық сомаға бұралқы иттерге арналған питомник салуға немесе оларды залалсыздандырып, үйренген ортасына жіберуге болар еді, дейді.
Өткен 7 айда облыс орталығында 6 мыңға жуық бұралқы ит ауланып олардың басым бөлігінің көзі жойылған. Оны қалалық ветеринария станциясының мамандары растап отыр. Жалпы тұрғындардың қауіпсіздігі үшін ит-мысықты жоюмен мердігер мекемелер айналысып келді. Былтыр олар 48 мың 500 теңгенің жұмысын атқарғаны туралы ақпарат бар. Бұл сома биыл 76 млн теңгеге жетіпті. Қолына мол қаражат тигендер иттерді атып құртуға белсене кіріскен сыңайлы.
Аида Әбдірахман, қалалық ветеринария стансасының бас маманы:
- Қаңғыбас, бұралқы иттерді аулау және жою бойынша жұмыстар басталып кетті. Нәтижесінде барлығы 5912 ит ауланып, соның ішінде 200 итке стерилизация жасалып, кері ортаға қауіпсіз аймақтарға жіберілді. 5712 ит жойылды.
Ал атыраулық зоожанашырлар болса, ақшаның мақсатты жұмсалғанына күмәнді. Сондықтан игерілген қаражат пен атқарылған жұмыстың қортындысын талап етуде. Сол үшін олар құзырлы органдарға хат жазып, шұғыл тексеруді талап етіп отыр.
Юлия Ефремова, қоғам белсендісі:
- Бұл расында да шындыққа жанаспайды. Себебі 7 айда 6 мың итті жою үшін олар күніне 40-50 итті аулауы тиіс. Өткен мамыр айында бұралқы жан-жануарға арналған питомникті аралап көрдік. Оның бейнжазбасы да сақтаулы. Сонда байқағаным ол жерде 40 итті ұстауға мүлде мүмкіндік жоқ. Сонда оларды қайда жібереді?
Атырау қалалық ветеринария стансасының мамандары «біз мердігер мекеменің жұмысына араласа алмаймыз, ал құжаттарында ешқандай қайшылық жоқ» дегенді айтады. Дегенмен, жыл сайын қомақты қаражат бөлінетін шараның нәтижесі күмәнді болып тұр. Сондықтан зоожанашылар болашақта бұралқы ит-мысықтары жоюдан гөрі оларды залалсыздандырып, үйренген ортасына қосуды талап етуде. Қалалық ветеринариялық станцияның мәліметінше, Атырау қаласының маңайында күні бүгін 10 мыңнан астам қаңғыған ит бар екен.
Арыстанбек Кенже, Нурсая Эльбрусова, Амантай Матенов