Қазақстанға қай елден еңбек мигранты көп келген?
Кейінгі 8 жылда еңбек мигрантарына берілетін квота саны үш есе азайды.
2016 жылы 60 мың квота берілсе, қазір жылына 21 мыңдай беріледі. Ал былтырға қарағанда 0,23 пайызға аз. Бүгінде ел аумағында 14 мыңнан аса шетел азаматы еңбек етіп жүр. Оларға квота бірнеше санат бойынша беріледі. Яғни бірінші санат – басшылар мен олардың орынбасарларына 235 квота бөлінді. Сондай-ақ бұлардың қатарында 1670 құрылымдық бөлімшелер басшысы, 3648 маман және 437 біліктілігі жоғары маман бар. Бұдан бөлек маусымдық жұмыстарға 2000-ға жуық жұмысшы шақырылып, корпоративтік қажеттілік бойынша 1775 адам шетелден ауысып келді.
Еңбек мигранттарының саны
Барлығы – 14 184
Басшылар мен олардың орынбасарлары – 235
Құрылымдық бөлімшелер басшылары – 1 670
Мамандар – 3 648
Біліктілігі жоғары мамандар – 437
Маусымдық жұмысшылар – 1 930
Корпоративтік қажеттілік бойынша – 1 775
Мәди Әлжан, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті басқармасының басшысы:
-2016 жылмен салыстырғанда квота, қазіргі квота үш есе азайды. Бізде қазіргі таңда, біздің Қазақстан Республикасы азаматтарының біліктілігі жоғарылап, шетелдің технологиясын алып, қазір ішкі нарықта уже конкурентоспособный болып жатыр уже. Көбісі шетелдіктер тау-кен және қаржылық салаларда жұмыс атқарып жатады.
Еңбек мигранттарының саны бойынша Қытай көш бастап тұр. Биыл шығыстағы көршімізден 2804 адам жұмыс істеуге келді. Ал Қазақстанда еңбек етіп жүрген өзбекстандықтар саны 2 мыңға жуықтайды. Сондай-ақ қазір елде 880 Түркия азаматы мен 781 Үндістан азаматы тер төгіп жүр.
Еңбек мигранттары көп келген елдер
Қытай – 2 804
Өзбекстан – 1 996
Түркия – 880
Үндістан – 781