Қазақстанда 40-тан астам су қоймасын салу жоспарланып отыр

2030 жылға дейін елде 20 су қоймасы салынады, деп хабарлайды 24KZ.

Жаңа су қоймаларының арқасында су қоры 2,8 млрд текше метрге ұлғаймақ. Олар елдің 10 өңірінде орналасады. Түркістан облысында Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасы іске қосылып та үлгерді. Оған 18 млн текше метр су сыяды. Енді осы Түркістан облысында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталды. Ал басқа су қоймаларының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Жаңа нысандар суармалы алқапты 250 мың гектарға ұлғайтады және 137 мың  тұрғыны бар 70 елді мекенді су басудан сақтайды. Сонымен қатар жұмыс істеп тұрған 15 су қоймасын реконструкциялау көзделген. Аталған су қоймалары – Президент тапсырмасы бойынша салынатын нысандар. Ал Су ресурстары және ирригация министрлігі өз жоспары бойынша 40-тан астам су қоймасын жасақтауды жоспарлап отыр.

Сәкен Әтел, ҚР СРИМ басқармасының басшысы:

- Біздің министрлік су шаруашылығы ғимараттарын дамыту бойынша кешенді жоспар әзірлеп жатыр. Аталған кешенді жоспарға бүгінгі таңда 40-тан астам жаңа су қоймасын салу жоспарланып отыр. Жоспарланған су қоймаларының барлығына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленеді. Сол техникалық-экономикалық негіздеме негізінде нақты шешімдер қабылданады, бұл су қоймаларының салынуы қаншалықты тиімді екені бойынша.