Елге қайта алмай қалған оқушылар ісіне Д. Зәкиева араласты
Мәскеу әуежайында қалып қойған қазақстандық оқушыларға қатысты оқиғаға еліміздің бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Зәкиева араласты, деп хабарлайды 24KZ.
Ресейлік әріптестерімен, лагерь директорымен байланысқан ол оқушылардың кері қайту билеті мәселесін шешу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға уәде берді.
Естеріңізде болса, жуырда жазғы лагерь аясында Алматыдан Санкт-Петербургке, экскурсияға барған қазақстандық балалар Ресей шекарашыларының тым ұзақ әрі біржақты тексеруіне байланысты Мәскеу арқылы ұшатын рейске үлгермей қалған еді. Балалар ересек жетекшімен бірге әуе көлігі көкке көтерілуге 20 минут қалғанда келген. Алайда «Аэрофлот» әуе компаниясы оларды бортқа өткізуден бас тартып, жаңа билет сатып алуға кеңес берген. Қазақстаннан барлығы 17 адам экскурсияға аттанған, оның 8-і – 11 жастан 16 жасқа дейінгі кәмелетке толмаған балалар.
Александр Шевченко, «Романтик» лагерінің директоры:
- Мәскеуде түйісетін рейс болды. Неге екені белгісіз, құжаттарымызды ұзақ тексерді. Сосын терминал ауысып, қайтадан тексерістен өттік. Бізді өте мұқият тексерді. Отырғызу уақыты басталғанда «Бізге тезірек өту керек», – дедім. Осыдан кейін әрқайсымыздың сөмкелерімізді жеке-жеке қарап шықты. Осыған байланысты ұшуға 20 минут қалғанда ұшу есігіне келдік. Бірақ бізге: «Кешігіп қалдыңыздар», – деді. Оқиға осылай болды. Бір жағынан, бәрі заң аясында жүрді. Ешкім кінәлі емес. Екінші жағынан, балалар зардап шекті.
Екатерина Милова, турға қатысушы:
- Біздің кезек 17 адамнан құралған топтан тұрды. Яғни біз еш уайымсыз келгенімізде алдымыздағы есікті жауып тастады. «Өтпеңіздер», – деді. Отыратын орындық та болған жоқ. Амалсыздан жерге жатып, кезегімізді күттік. Бірақ алдымызда ешкім болған жоқ.
Соның салдарынан оқушылар әуежайда 6 сағат күтуге мәжбүр болған. Осы уақытта ата-аналар балаларды Санкт-Петербургке жеткізіп салатын автобус жалдайды. Ресейлік әуе компаниясы оқушылардың Қазақстанға қайтатын билетінің күшін жойып жіберген. Ішкі ережеге сәйкес бір броньмен алынған билеттер алғашқы рейске кешіккенде автоматты түрде жойылады екен.