Ұлытауда шөп шабу науқаны аяқталды
Ендігі міндет – орылған шөпті жауын-шашынға қалдырмай тасып алу.
Арқада қазір күн райын беріп тұр. Осы қолайлы сәтті тиімді пайдаланып қалуға тырысқан шаруалар ұзақты күн қызу тірлікке кіріскен. Жалпы облыс бойынша биыл 550 мың тонна шөп дайындау жоспарланған.
Ұлытау ауданы бойынша 1260 қожалық мал шаруашылығымен айналысады. Оларға тиесілі 3 млн гектар жайылым жердің 33 мың гектары шабындық. Шілденің ортасында басталған шөп ору науқаны толық аяқталды. Қазір шаруалар оны тасудың қамына кіріскен. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Қазыбек Алдабергеннің айтуынша жұмыстың 80% астамы орындалған.
Қазыбек Алдаберген, Ұлытау ауданы ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Биылғы жылы Ұлытау ауданы бойынша 205 тонна шөп дайындау жоспары бекітілген. Қазіргі таңда 169 мың тонна шөп орылды. Қазір енді шөп табуға, оруға – барлығына техника сақадай сай, жеткілікті. Ешқандай тоқтау, кедергілер болып жатқан жоқ. Ауа райы да өз ыңғайын беріп тұр.
Өңірде жаз жайлы болғанымен, қыс қатал. Қар ерте түскен жылдары ірі қара 170 күн қолға қарайды. Былтыр қыс ортасында жауған жаңбыр да мал баққан ағайынға сабақ болды. Жылқы мен қой-ешкі тебіннен қалып, шөптен таршылық көрді. Шаруа қожалығының жетекшісі Мұхтар Ордабаев: «Сондықтан, биыл шөптің 1,5 жылдық қорын жинап алдық», – дейді.
Мұхтар Ордабаев, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Шөп науқаны аяқталды. Көрші-көлем шауып бітіп жатыр енді. Биыл өнім жақсы. Тасып алдық өзіміз. Артығымен жинап алдық, 40 тоннадай.
Ірі фермелрлерден бөлек, аудан, ауыл орталықтарында мал ұстайтын тұрғындар бар. Оларға жемшөп дайындауға шаруа қожалықтары жәрдем беріп жатыр. Ерлан Елеусізов жетекшілік ететін «Бекет» қожалығы шөпті артығымен шауып, Ұлытау ауылының сұранысын жауып отыр.
Ерлан Елеусізов, шаруа қожалығының жетекшісі:
- Шөптің шығымы жақсы, жаман емес. Көпке берсін. Былтыр жауынға қалып, шөп қарайып кетті. Алла күнін беріп тұр ғой. Тез үлгеріп алайық деп жанталасып жатқанбыз. Ауданның басына халыққа ғой енді, сатамыз «тюгін» мың теңгеден. Қалғанын өзіміге түсіріп аламыз.
Биыл облыс бойынша 545 мың тонна шөп дайындау жоспары қойылған. Қазір оның 75% орындалды. Шөп қанша бітік шыққанымен, өңір шаруалары мал азығының 30%-ін өзге өңірлерден сатып алады. Себебі шабындық жер аз. Сондықтан соңғы жылдары суармалы алқап көлемін ұлғайту жұмыстары басталды.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов.