«Не масқара?!» Қостанайда көктемде су шайып кеткен жол әлі сол күйі жатыр
Қостанайдан Қарасу ауылына баратын тас жолдың алты шақырымын әлі су басып жатыр.
Екі аралықта қатынайтын жұрт дала жолымен жүруге мәжбүр. Көлкіген суда тұрған электр бағандарының да құлау қаупі бар. Сондықтан бұл аумақта төтенше жағдай режимі әлі сақталып отыр.
Қостанайдан аудан орталығы Қарасуға аса бір қажеттілік болмаса, былайғы жұрт қазір бара қоймайды. Өйткені көктемде тас жолды су басқаннан бері, қатынас қиындаған. Ол жаққа тек сексен шақырым айналма жолмен, не жаңбыр жауса ми батпаққа айналатын дала жолымен жетуге болады. Бәрінен бұрын арнайы қызмет көліктерінің жүргізушілеріне қиын.
Арман Айтпаев, жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі:
- Мынау жолмен сырқат адамды қалай жеткіземіз. Ауыр жарақаты бар не жүрегі ауыратын адаммен жолда қалып қойсақ не болмақ? Міне, итіңдеп, сағатына 20 шақырым жылдамдықпен келе жатырмыз.
Ғазез Байзақов, пошта көлігінің жүргізушісі:
- Бұл Қарасу қажытты. Қостанайдан почта тасимыз. Таңертең бесте шыққаннан Көкшетау трассасы арқылы айналып келе жатырмын. Міне, жаз бітті, қыс басталайын деп жатыр, әлі жол істелмеді. Не масқара?!
Бұл жолмен ауыр жүк көліктері де әрең жүреді.
Арман Рахымбеков, көлік жүргізуші:
- Алқаптан астық тасып жатырмыз, кеше күні бойы батпаққа батып тұрдым. Бүгін тағы таңертеңнен қозғала алмай тұрмын.
Атқарушы билік қамсыз отыр деуге болмас. Іргедегі Алабота көлінен күні-түні су сорып, далаға ағызып жатыр. Бірақ одан қайыр болмай тұр.
Динара Тұрсынбаева, Қарасу ауданы әкімінің орынбасары:
- Жазда екі есе көп ылғал түсіп, көлдің су деңгейі түспек түгілі, көтеріліп кетті. Соған байланысты облыс басшылығы су арнасын бұру үшін қосымша арық қазу жөнінде шешім қабылдады. Оған 108 миллион теңге бөлінді.
Ауданға тартылған электр бағандарының 15 проценті қазір суда тұр. Аяз түскенше ол маңайды құрғатып үлгермесе, мұз болып қатқан баған тіреуіштері бұзылып, қирауы мүмкін. Олай болған жағдайда аудан жарықсыз қалады.
Мағауия Қалиев, Ермек Мұхамедияров, 24.KZ, Қостанай облысы