Қазақстанда мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру әдісі өзгереді

Елімізде мектепке дейінгі ұйымдарды мемлекет есебінен қаржыландыру әдісі өзгереді, деп хабарлайды 24KZ.

Президент тапсырмасына сәйкес енді әр балаға бөлінетін қаражат көлемі отбасының нақты табысына байланысты болуы тиіс. Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта қолдау шараларын пысықтап жатыр. Сонымен қатар қаражатты бірден бөбекжайларға емес, әр баланың дербес шотына аудару бойынша пилоттық жоба енгізілді.

Бұл – елордадағы мемлекеттік балабақшалардың бірі. Мұнда 300-дей бөбек тәрбиеленіп жатыр. Негізгі шығын бюджет есебінен жабылады. Ал қалғанын және қосымша үйірмелердің ақысын ата-аналар төлейді.

Ғалия Қайырбайқызы, №63 балабақшаның меңгерушісі:

- Әр балаға жалпы көрсеткіші 54 506 теңге, инклюзияға 98 103 теңге, шағын орталыққа 24 018 теңге бюджеттен түседі бізге. Ал тамаққа 20 800 теңге 3 жастан бастап ата-аналар төлейді.

Жадыра Төлегенова, қала тұрғыны:

- Балабақшаға 2 баламды алып келіп жүрмін. Айына бір балаға 20 мыңдай шығады. Негізі әр отбасының табысына қарай болғаны дұрыс деп ойлаймын. Аз жалақы алатындарға ол қымбат болады.

Елде 11 600-ден астам мектепке дейінгі білім беру ұйымы бар. Оның жартысынан көбі – жеке мекемелер. Әкімшілік аумақ пен экологиялық жағдайға қарай бөбекжайларға мемлекет есебінен әр бала үшін 53 мыңнан 62 мың теңгеге дейін аударылады. Ал ата-аналар өңір әкімдері бекіткен әлеуметтік азық-түлік жиынтығының ақысын төлеп жүр. Бұдан былай мектепке дейінгі ұйымдарды қаржыландыру тетігі түбегейлі өзгереді. Президент Жолдауында жүктелген жаңа міндеттердің бірі – осы.

Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:

- Әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың балалары тегін тамақпен қамтылған. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарында 97 мыңнан астам осындай бала тегін тамақпен қамтамасыз етілген. Енді осының жалғасы ретінде әрі қарай көмек қажет ететін отбасылар мемлекеттен көбірек қолдау көретіндей механизммен қайта қарастыру ұсынылған. Сондықтан қазір осы жұмыстар басталып та кетті.

Сондай-ақ Тараз қаласында дербестендірілген қаржыландыру әдісі сыналып жатыр. Пилоттық жоба бойынша мемлекет есебінен берілетін төлем бөбекжайларға емес, әр баланың шотына аударылады.

Манара Адамова, ҚР Оқу-ағарту министрлігі Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры:

- Әр баланың ата-анасының балабақшаны таңдау мүмкіндігінің болуы, біріншіден. Екінші – қаражатты баланың есепшотына аудару. Яғни ата-ана екінші деңгейлі банктен есепшот ашады. Сол жерден баланың атына қаражат түседі. Ол қаражатты ешкім пайдалана алмайды, ешқайда жұмсай алмайды. Тек қана таңдаған балабақшаға аудару мүмкін. Яғни мақсатты түрде жұмсалады.

Пилоттық жоба жыл соңына дейін Шымкент, Түркістан қалаларында да енгізіледі. Оң нәтиже берсе, ел бойынша жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Авторлары: Еркебұлан Смадияров, Руслан Әлиев.