Алматыда Apple Fest фестивалі өтті

Алматыда қала күніне орай дәстүрлі Apple Fest фестивалі өтті, деп хабарлайды 24kz.

Мерекелік шараға 100 мыңнан астам адам жиналды. Апорт алмасын жаңғыртып жүрген 50 шаруа қожалығы өнімдерін  ұсынды. Сонымен бірге ұйымдастырушылар 1700 тонна алма шырынын әзірледі.

Дәстүрлі Алма фестивалі Тұңғыш Президент саябағында бар сән-салтанатымен ұйымдастырылып келеді. Мерекені қала тұрғындары асыға күтеді. Биылғы басты ерекшелік – алмадан қайнатылған шырын болды. 1700 тонна көлемінде әзірленген сусын елдің Гиннесс рекордтар кітабына енгізілді. Қала тұрғындары компоттан дәм тәтті.

Қарлығаш Тойкелқызы, қала тұрғыны:

- Жылда Алматы қаламыздың күніне келіп тұрамыз. Құтты болсын. Халқымыз тыныш болсын. Біздің әсем қаламыз бен Алматы халқы амандықта болсын. Әсем қаламыз жасай берсін. Жарқырай берсін. Еліміз тыныш болсын. Бақытты өмір сүрейік.

Фархад Ақмолаев, Алматы облысының тұрғыны:

- Фестиваль күшті. Әр жылы келеміз. Жақсы өтеді. Жоғарғы деңгейде. Қазақстан елеміз тыныш, аман болайық. Фестиваль жақсы өтсін. Жақсы көңіл-күй сыйлап жатыр. Әдемі.

Алматының символы – апорт алмасы. Жемістің осы түрін қайта түлету жолында жекелеген шаруа қожалықтар ізденіп, еңбек етіп жатыр. Алматы мен Алматы облысының шаруа қожалықтары фестивальге 130 тонна алма алып келді.

Гүлбара Бекмырзаева, кәсіпкер:

- Әрине, шаруа қожалықтарына осындай фестивальдер керек. Елдер, халық көреді. Алматының апорты әлі де бар екенін. Алматың алмасы деп. Осы біздің жастарға ары қарай үлгі болып, ары қарай еңбектеніп, жастар ары қарай осыны алып кетсе, нұр үстіне нұр ғой.

Мәдени шарада ауыл шаруашылығы тауарларының көрмесі өтті. «Күз – берекелі ай. Жеміс-жидек пісіп, егін жиналатын кезең. Ырыс пен береке барда мереке болады», - дейді қала тұрғындары. Фестивальде түрлі ойын-сауық атракциондар ұйымдастырылды. Халық әндері айтылып, Алматы туралы әсем әуендер шырқалды.

Авторлары: А.Садуақас, Э.Кон