Ұлытауда 167 адам алимент төлеуден жалтарып жүр

Ұлытаулықтардың алимент үшін қарызы 350 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды 24kz.

Борышкерлер тізіміндегі 400 адамға шетелге шығуға тыйым салынды. Проблеманы шешу үшін Әділет департаменті жұмыссыз жүрген берешегі барларға арнап кезекті еңбек жәрмеңкесін өткізді.

Наталья бұрынғы күйеуімен 10 жыл бұрын ажырасып, бір баласымен қалған. Алғашқы жылдары отағасы баласына көмек көрсетіп уақытында алимент төлейтін. Бірақ бұл әрекеті ұзаққа созылмай, бес жыл бойы қара тізімде тұрды. Қордаланған қарызын сот орындаушылары жақында өндіріп берді.

Наталья, Жезқазған қаласының тұрғыны:

- Бастапқы кезде аздап көмек көрсетіп тұрды. Кейін жалақысының аздығын айтып, мүлдем төлемей қойды. 1 млн теңгеден астам алиментті сот арқылы өндіріп алдық. Қазір уақытында төлеп жүр.

Өңірде 6700 адам алимент төлеуге міндеттелген. Әділет департаменті мамандарының дерегінше, 167 борышкер қарызын өтеуге құлықсыз. Олар алимент төлемеу үшін түрлі айла-әрекетке барады. Жұмыс берушімен келісіп, тапқан табысын жасырады

Бағдат Наумағамбетов, Әділет департаменті басшысының орынбасары:

- Жыл басынан бері әкімшілік кодекстің 169-бабы бойынша 23 борышкерге шара қолданылды. Оның 7-еуі әкімшілік қамауға алынып, өзгелеріне айыппұл салынды. Сондай-ақ алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлерге қатысты 13 қылмыстық іс сотқа жолданды.

Дегенмен, алимент төлегісі келіп, бірақ жалақы табудың ретін таппай жүргендер бар. Осы орайда аймақта борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында 10-ға жуық еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 48 адам жұмысқа орналты.

Елдос Кәкенов, тілші:

- Бүгін өткен кезекті еңбек жәрмеңкесінде борышкерлер үшін 25 мекеме 200-дің үстінде бос жұмыс орнын ұсынды. Бірнеше азамат мамандығына сай жұмыс тапты. Ал, ұсынылған жұмыстан әдейі бас тартқан борышкерлердің ісі сотта қаралады. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев