1 қазаннан бастап теміржол билеттері 20%-ке қымбаттайды
1 қазаннан бастап еліміздегі теміржол билеттері 20%-ке қымбаттайды. Жаңа тарифтер 140 әлеуметтік бағыттың 62-сіне әсер етеді, деп хабарлайды 24kz. Ал вагондар паркі жаңартыла ма? Қызмет көрсету сапасы қалай өзгереді?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- «Жол мұраты – жету» дейміз. Алайда, жеткізетін көлігіміздің жай-күйі де сапар сапасына қатты әсер етеді. Мәселен, елдегі 3 мыңға жуық вагонның 40%-тен астамы тозған. Жолаушыларды, әсіресе, әжетхана тазалығы, істен шыққан желдеткіш пен жылу жүйесі мезі етеді. Қызмет көрсету де ақсап жатады. Мәселенің көтерілгеніне аз болған жоқ. Әлбетте арагідік жаңарту болады. Бірақ түйткіл түйіні шешілер емес.
Елена Петренко, жолаушылар пойызының бастығы:
- Бұл вагонға 30 жыл болды ғой. Әбден ескірді, жабдықтары да, температуралық режимі де қалыпқа сай емес. Жазда желдеткішті қосып қоямыз. Ал қыста қабырғалары жұқарғандықтан, суық кіреді.
Көлік министрлігі бұл мәселені ескеріп отыр. Алда 1000 вагон жаңартылады. Алайда, бұл үшін тарифті көтеру қажет. Сөйтіп, 1 қазаннан бастап, жолаушылар жолақысын көбірек төлеуге мәжбүр. Мысалы, Қызылорда – Семей бағытын алайық. Қазір 16 мың теңге төлеп қатынап жүрген купе жолаушылары енді билетті 19 мың теңгеге алады. Плацкарт үшін 13 мың теңге төлеу керек. Министрлік өкілдері кейінгі 10 жылда тасымал тарифі өспегенін айтады. Инфляцияға қарай ыңғайланып отырған.
Стандарт пойыз/купе:
1 қазанға дейін ₸16 430
1 қазаннан кейін ₸19 479
Стандарт пойыз/плацкарт:
1 қазанға дейін ₸10 799
1 қазаннан кейін ₸12 722
Ләззат Стамғазиева, ҚР Көлік министрлігінің ресми өкілі:
- Көлік министрлігі жыл сайын 150-180 вагонды алатын болса, осыдан кейін біз 200 вагонды алуды көздеп отырмыз. Сонда 2030 жылға дейін барлық вагон паркі жаңартылатын болады. 2025 жылдан бастап теміржол желісіне штадлер вагондары алынады. Құнына келетін болса, стандарттық және тальго деп бөлеміз ғой екі түрге. Стандарт вагондардың құны 6300-ден 7500-ге дейін көтерілсе, тальгоның вагондары 10 мыңнан 12 мыңға дейін көтерілетін болады. Қазіргі таңда 140 маршрут бар. Бағаның қымбаттауы 62-сіне қатысты болады.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында теміржолдағы жүк тасымалы тарифін қайта қарауды тапсырды. Мамандар шетелдік консалтинг компаниямен мониторинг жасап, 2025 жылдың екінші тоқсанына дейін тарифтік саясаты зерделейді. Әзірге жүктің 73%-і өзіндік құннан төмен бағада тасымалданатыны белгілі.
Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Гүлдана Қален