Елордалық мұғалім ерекше балаларды оңалтуға атсалысып жүр

Мұғалім – бала жанының бағбаны. Ізденіс пен еңбектің арқасында оқушы көңіліне жол тауып жүрген сондай мұғалімдердің бірі елордадағы №97 мектепте жұмыс істейді.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жігер Кенжеғалиев ерекше балаларды оңалтуға атсалысып, өмір мектебінің де дәрістерін оқушы санасына сіңіруге еңбектеніп жүр.

Қуандық Танабас, тілші:

- Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Жігер Кенжеғаливтің өмір жолы үлгі-өнегеге толы. Тағдырдың сынағына жасымаған жан ерекше балалардың жан толқынысын жақсы түсінеді. Сондықтан олардың қоғамға бейімделуіне жәрдемдесіп, бүлдіршіндердің физикалық қабілетін дамытуға көмек көрсетіп келеді. Оның иігілікті ісін ата-аналар да, мектептегі әріптестері де жоғары бағалайды.

Сұлушаш Ибраева, Астана қаласы №97 мектеп директорының орынбасары:

- Ерекше білім беруді қажет ететін оқушыларды өзі оқытуға дайын екенін білдіріп, осыған сабақ кестесін құрып, балаларды оқытып жүр. Мобилографияны меңгерген, спорттың көптеген түрлерін, мысалы шахматтан болсын, жүзуден болсын, жетістіктері көп. Және алдағы уақытта бұл кісі паралимпиадаға қатысуды жоспарлап отыр, дайындалып жүр қазір. Яғни, осы мұғалімнің жетістіктерін оқушыларға үлгі ретінде көре аламыз.

Ерік-жігері мен еселі еңбегінің арқасында Жігер Кенжеғалиев спортта біраз белестерді бағындырды. Бірнеше рет паралимпиадалық жарыстардың жеңімпазы болды. Бүгінде жастарды спортқа баулып, оларды биік жетістіктерге жеткізуді көздейді.

Жігер Кенжеғалиев, Астана қаласы №97 мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі:

- Өзімнің методикамды да пайдаланам кейбір балаларға үйретемін, кейбір балалар келіп ағайдан сұрайды, ағай осы жерде жаттығуды қалай жасасам болады, жүгіргенде қандай подходпен жүгіру керек дегендей менен кеңес сұрайды, мен оларға қуана-қуана кеңесімді айтам, кейде қосымша материалдар беремін. Бар білетінімді балаларға паш етіп, үйретіп, олардың жетістікке жетуіне көмектесу мақсатым.

Оқушылар Жігер мұғалімді үлгі тұтады. «Оның қайсарлығы мен өмірлік ұстанымдары оқуға деген құштарлығымызды арттырды», дейді.

Қуаныш Пугашбек, 8-сынып оқушысы:

- Өте жақсы ағай, мотивация береді, ойнаған кезде көмек береді. Дене шынықтыру менің сүйікті пәнім, өте қызықты.

Жас маман қоғамдық жұмыстарға қатысудан да қол үзбейді. Еріктілер қозғалысына белсене араласып, 2019 жылы еліміздегі үздік волонтер атанды. «Дарын» сыйлығымен марапатталды. Енді ұстаздық жолда да биік асуларды бағындыруды көздеп отыр.

Авторлары: Қуандық Танабас, Артур Горшняков