Субсидия есебінен пәтер жалдайтын азаматтар мемлекет көмегінен қағылды

Түркістан облысында жалдамалы пәтерді субсидиялау бағдарламасының қатысушылары мемлекеттік көмектен қағылды.

Сарыағаш ауданының өзінде 1714 адамға төлем беру тоқтатылған. Ал баспананы жалдау ақысының жартысын өтеуге өтініш берушілер жеңілдіктің негізгі шарттарына наразы.

Ауыл тұрғыны Сапаргүл Тұрсынованың пәтер жалдап жүргеніне 6 жыл болды. Күйеуімен ажырасқан соң әр үйге көшіп-қонып, бөтеннің босағасын жағалауға мәжбүр. Ал жалға берілетін тұрғын үйді субсидиялау бағдарламасына өткізген өтініші қанағаттандырылмады. Комиссия өкілдері бірінші топтағы мүгедектігіне берілетін жәрдемақыны күнкөріске жеткілікті деп шешім шығарған. 

Сапаргүл Тұрсынова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:

- Былтыр барғанымда бермеді. Болмайды сізге шықпайды деп. Сондағы доходым бір пенсиям ғой. Нан жесем, дәрі ішпейсің. Дәрі ішсең, нан жемейсің. Сондай ғой. Бір пенсия ешнәрсеге жетпейді ғой

 Мүгедектігі бар бала асыраушы Ақбаян Миятованы да субсидия сергелдеңге салды. Бағдарламаның шарты бойынша бұл топтағы жандар санатқа енгізіліп, жалдамалы пәтерақының жеңілдігіне ие. Бірақ талап тым жоғары деп есептейді ол. 

Ақбаян Миятова, Сарыағаш ауданының тұрғыны:

- Осы жақтың ауа райы балама жақты. Субсидия алайын десем үй кезегіне тұр деп күйдіріп жатыр. Үй кезегіне барсам олар мені тұрғызбай жатыр. Пропискаңыз пәлен жыл болуы керек дейді, 3 жыл толуы керек дейді. Мен ол жүйе дұрыс емес деп ойлаймын. 

Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мәліметінше, былтыр 2848 отбасыға субсидия тағайындалған. Алайда биыл қайта тексеру кезінде 1714 адамның тұрғылықты жайы мен анықтамасында сәйкестік болмай, төлем беру тоқтатылған. Сондықтан сала мамандарының өз уәжі бар. 

Есжан Нұрша, Сарыағаш аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

- Ол жердегі бірінші себеп тұрғын үйді жалдап тұрмайды ол жерде. Тек қана договор түзіп, келісім шарт негізінде ақша алып отырған. Ал екінші мәселе туыстық қатынастығы барлар. Өзіне туыстық қатынастығы бар отбасылармен келісім шарт түзіп, сол бойынша да ақша алып отырған. Тексеріс барысында мыңнан астам адам қысқартылды. 

Бағдарлама қатысушылары комиссия өкілдерінен өтініштерді қайта қарауды талап етіп отыр. Себебі мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекті пайдалану тәртібі дұрыс түсіндірілмеді, дейді олар. 

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов