Мемқызметшіге артық жұмыс істегені үшін өтемақы беріледі
Енді мемлекеттік қызметшілерге артық жұмыс істегені үшін өтемақы беріледі.
Ал демалыс және мереке күндері жұмысқа шықса ақы төленеді. Бұл туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен Түркістан қаласында өткен Әдеп жөніндегі уәкілдердің республикалық форумында айтылды. Жиында тағы қандай мәселелер сөз болды.
Жиында мемлекеттік қызметті дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы жан-жақты түсіндірілді. Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай тұжырымдаманы іске асыру аясында мемлекеттік қызметшілер туралы жаңа заң әзірленетінін жеткізді. Ол мемлекеттік қызметшілердің миссиясы мен міндеттерін айқындайтын болады. Сондай-ақ жаңа заңда білікті мамандардың әлеуметтік кепілдіктерін күшейту мәселесі де қаралмақ.
Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
- Ол дегеніміз аналитикалық талдауға жақсы, мықты мамандарды сертификаты болса, біліктілігін арттырып отырса, оның міндетті түрде жалақысы да өсіп отырады. Яғни тек қана басшы болсам ғана менің жалақым өседі, әйтпесе жалақым өспейді деген қағидадан кетеміз.
Түркістан облысы әкімі Дархан Сатыбалды бүгінгі күні өңірде 6 мыңға жуық мемлекеттік қызметші жұмыс істейтінін атап өтті. Оның 5-і «Болашақ» бағдарламасының, 19-ы Президент жанындағы басқару академиясының түлегі. Одан бөлек өңірдің дамуына шетелде білім алған 64 қызметкер үлес қосып жүр.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі:
- Бүгінгі таңда өңірлік кадрлық резервіне 32 мемлекеттік қызметші жасақталып, қазіргі таңда 3 резерв өкілі жоғары лауазымға тағайындалып отыр. Сонымен қатар Президенттің жастар кадрлық резервіне өңірге тарту жұмыстары жүргізілуде.
Форумның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп стандарттары мен Әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметін жетілдіру. Соның нәтижесінде қоғамға үлгі болатын тиімді мемлекеттік аппаратты құру. Ал әдеп жөніндегі уәкілдер қызметтік әдеп стандарттарын сақтап қана қоймай, өздері үлгі көрсетіп, мемлекеттік органдарда ұжымдық мәдениеттің нығаюына ықпал етуі тиіс.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш