СҚО-да алғашқы қар жауды

Солтүстік Қазақстан облысына қыс келді.

Бүгін түнде қар жауып, қара жерді ақ ұлпа басты. Таңертең далаға шыққан тұрғындар табиғаттың тосын мінезіне таңырқап, жапалақтап жауған жауынды ұялы телефондарына түсіріп жатты. Ал жүргізушілер жаппай дөңгелек ауыстыру орындарын жағалап жүр. Көшелерде кептеліс. Синоптиктердің айтуынша, демалыс күндері ауа температурасы 8 градусқа дейін төмендейді.

Гүлзат Ғазизова, «Қазгидромет» МКК ОФ бөлімінің басшысы:

- Бұл ауа райы тәулік бойы сақталады. Циклон оңтүстік-шығыс жаққа ауысады. Өңірде қар аралас жаңбыр жауып, көктайғақ болады. Желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшейеді.