Шымкентте ломбард тонамақ болған ұрының бетін қайтарған жігіттер құрметке бөленді

Шымкентте ломбардты тонамақ болған ұрыны ұрып жыққан жігіттер елдің ықыласына бөленді.

Желі қолданушылары қару кезенген күдіктіден қаймықпай, қайғылы жағдайды болдырмағаны үшін оларға алғыс білдіріп жатыр. Аймақтағы әріптесім Нұрсұлтан Мұхамеджан 18 жастағы студенттермен тілдесіп, оқиғаның қалай болғанын өз аузынан естіді.

Ломбардқа қарақшылық жасаған қаскөйдің әрекеті бейнебақылау камерасына ілікті. Бетін тұмшалаған күдікті кассадағы қызға қару кезеніп, 100 мың теңге талап еткен. Бірақ сондағы өзге жастар еш сескенбей, жалаң қолмен қарсы тұрды. Бірнеше соққы жасап, тапаншасын тартып алған. 

Ұлықбек Ахметов, қала тұрғыны:

- Ол кассадағы қызға қарап қалған кезде мен моментті ұстадым. Сол кезде мен соққы жасап үлгердім. Сақтану керек. Қолын сол қолмен ұстадым да оң қолмен ұра бастадым.

Бейбіт күннің батырлары Ұлықбек Ахметов пен Жансұлтан Тілесов екені белгілі болды. Екеуі де спорттан алыс емес, айнымас дос. Бірі дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болуды қаласа, екіншісі электр-монтаждаушы мамандығында оқиды. Айтуларынша, сол сәтте үрей мен қорқыныш болса да қол қусырып қарап тұра алмаған. 

Жансұлтан Тілесов, қала тұрғыны:

- Өзінің күшін тек керек сәттерде ғана қолданады. Былай көшеде біреуге қоқан-лоққы жасау, біреуді қорқыту дейтін болмаған. Керісінше әлсіздерге көмектесіп, біреу ұрып жатса оларды ажыратып жүрген бала. Әр ата-ана уайымдайды ғой. Басында солай уайымдады.

Осыдан кейін әлеуметтік желіде ерлікке пара - пар болған әрекет лезде тарады. Ғаламтор қолданушылары ыстық ықыласын білдіріп, өзгелерге үлгі етті. 

Ұлықбек Ахметов, қала тұрғыны:

- Бүкіл Қазақстан көріп, кәдімгідей бәрі сыныптас, группалас, апайларым, туысқан бәрі жазып жатыр. Міне нағыз азаматтар, қалайша қорықпадың деген сияқты сұрақтар келді. Соның бәріне жауап бердік. Басқаша сезім енді. Айтып жеткізе алмаймын.

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, тұрғындар арасында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге үлес қосатындар көп. Сонымен қатар қылмыскерлерді ұстауға да атсалысып жатады,-дейді. Алайда мінез танытамын деп майып болмас үшін, дер кезінде полицияға хабар беруге шақырады. 

Бағлан Исатаева, қалалық ПД ресми өкілі:

- Бұл орайда біз ержүрек жігітке батылдық әрекет жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Дегенменде бұндай жағдайларда өзі жарақат алып қалмас үшін полицияға жүгінуге шақырамыз. 

Полиция департаментінің мәліметінше, күдікті уақытша ұстау изоляторына қамауға алынған. Қылмыстық іс ашылып, тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Ал құқық қорғаушылар атынан Ұлықбек Ахметов пен Жансұлтан Тілесовке Алғыс хат табысталды. Студенттердің ерлігін бағалаған ломбард басшысы да соңғы үлгідегі смартфон сыйлап, құрмет көрсетті.

Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов