Қызылорда облысында 500 мың тоннаға жуық күріш жиналды
Қызылордалық диқандар биылғы егін науқанын табысты аяқтады, деп хабарлайды 24kz.
Өнім көлемі артып, қамбаға жарты миллион тоннаға жуық күріш құйылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Алтын күз-2024» салтанатты шарасында айтты. Мерекелік басқосуда ел ырысын еселеген еңбеккерлер марапатталды.
Биыл қызылордалық диқандар 189 мың гектардан астам жерге егін екті. Оның ішінде аймақтың басты дақылы 85600 гектарды құрады. «Әр гектардан 58 центнерден өнім жиналып, қамбаға 500 мың тоннаға жуық Сыр маржаны құйылды», - деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев салтанатты шарада.
Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Бүгінде облыстың аграрлық саласы қарқынды дамуда. Соңғы 3 жылда мемлекет тарапынан аграрлық саланы қолдауға 43 млрд теңге қаржы бөлінді. Шаруашылықтар есебінен 29 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Мемлекеттік қолдаудың арқасында ауыл шаруашылығының машина, трактор паркі жаңартылуда.
Дәстүрлі «Алтын күз» шарасы биыл облыстың орман шаруашылығы саласының құрылғанына 90 жыл толуымен қатар келді. Осыған орай ауыл шаруашылығы еңбеккерлерімен бірге орманшыларға да түрлі марапаттар тапсырылды.
Серік Асқарбаев, күріш өңдеу зауытының инженері:
- Осындай еңбегімізді елеп жатқаны, әрине, күш-жігер береді ғой. Жауапкершілік, әлі де қолымыздан қызмет істеуге, халыққа қызмет істетуге дайынбыз.
Жандос Еркінбек, Қармақшы ауданының әкімі:
- Нәтижесінде аудан аумағында жалпы жақсы өнім жиналды. Орташа қарағанда 60-70 центнерден келді әр гектардан. Мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жанармайлар арзан бағамен сатылды.
Ал «Агроөнеркәсіп кешенін дамытуда ең жоғарғы көрсеткішке қол жеткізген үздік аудан» аталымы бойынша Жалағаш ауданы жеңімпаз атанды.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев