Атырау облысында тасқыннан зақымданған жолдар жөнделіп жатыр
Атырау облысында көктемгі тасқын кезінде зақымданған көлік жолдары қалпына келтіріле бастады, деп хабарлайды 24kz.
Ойыл өзені арнасынан асып Индер – Қарабау – Миялы бағытындағы ұзындығы 340 шақырымнан астам жолдың 30 шақырымы жарамсыз болған еді. Қазір күре жолдың бойында құрылыс жұмыстары қарқын алған. Индер ауданын Қызылқоғамен жалғастыратын күре жол да толықтай қалпына келтіріледі. 4 ауданда жүріп жатқан жол жөндеу жұмыстарына республикалық резервтен 5,8 млрд теңге қаражат бөлініпті. Бұған қоса 4 көпірдің құрылысы басталды. Ал, Махамбет пен Индер аудандарының аумағындағы жол құрылысына қосымша 5,8 млрд теңге бөлініп отыр.
Мұхамбет Әлиев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- 27,9 шақырым жол мен 6 көпір бұзылды. Бізде 4 аудан бойынша жұмыстар қарқынды жүруде. Әр жырылған жолдарға, судан зардап шеккен жолдарға біз су өткізгіш құбыр мен мал өткелін қарастырып отырмыз. Индер – Қарабау бойынша ол 5 жылдық нысан болып кетті. Бұл жобаны да толығымен бітіріп, қолданысқа береміз.