БҚО-да әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді
Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік кәсіпкерлік қарқынды дамып келеді, деп хабарлайды 24kz.
Бүгінде өңірде 86 кәсіпкерлік нысан жұмыс істеп тұр. Оларға грант пен жеңілдетілген несие беру секілді, мемлекеттік қолдаулар көрсетіледі.
Асланбек Шығыр, тілші:
- Мына шеберханада стандартты протездер де, заманауи модульдер де жасалады. Сапасы жағынан шетелдік өнімдерден кем түспейді. Тіпті спортпен шұғылдануға да қолайлы. Науқастың ерекшеліктері ескеріліп, әрқайсысы жеке дайындалады.
Егор Павловичев, протезист маман:
- Құймадан бастап барлық жұмысын қосқанда бір протезді әзірлеуге бір апта уақыт кетеді. Әр науқастың қалауы да әртүрлі. Ерекшеліктеріне баса мән береміз. Зауыттағыдай мың дана көшірме шығармаймыз.
Қаладағы протездеу орталығы әлеуметтік кәсіпкерлік аясында 3 жыл бұрын ашылған. Мұнда ампутациядан өткен адамдарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетіледі. Бүгінге дейін 3 мыңнан астам орталық қызметіне жүгінген.
Ислам Кублашев, орталық директоры:
- Біз жаңа модульдік технология бойынша жамбас немесе жіліншік протездерін дайындаймыз. Мемлекеттік қолдауды көріп отырмыз. Бізге ауыр жарақат алған науқастар келеді. Аяқ-қолынан айырылған адамдар да келіп жатады. Оларға протездер дайындап әрі оны қалай қолдану керегін үйретеміз.
Бүгінде өңірде 86 әлеуметтік кәсіпкерлік нысан тіркелген. Оларға салықтық жеңілдіктер, жеңілдетілген несие мен гранттар беріліп, мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі.
Мейрам Қабдығалиев, облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасының бөлім басшысы:
- Соңғы отырыста әлеуметтік кәсіпкерлік тізіміне 14 жоба енгізілді. Олар өндіріспен және қызмет көрсетумен айналысады. Жобаның дені денсаулық сақтау және білім беру саласын қамтиды.
Әлеуметтік кәсіпкерлік бағыт бойынша өтінімдер 1-15 желтоқсан аралығында қабылданады. Биыл өңірде кәсіпкерлікті дамытуға 2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Альбина Кумаргалиева, Ербол Меңдіғалиев, Эльдар Аюпов