Бүркітшілер халықаралық «Шығыс салбұрыны» фестивалінде бас қосты
Дүниежүзілік көшпенділер ойыны Шығыс Қазақстанда жалғасты. Ұлан ауданында бірнеше елден жиналған бүркітшілер бас қосты, деп хабарлайды 24kz.
Құралайды көзге атқан садақшылар да осында. Дәстүрлі «Шығыс салбұрыны» фестивалінің биылғы ерекшелігі қандай?
Мерей Мұратханқызы, тілші:
- Ұлан ауданындағы Бүркіт төбе алаңы нағыз құсбегілер мекеніне айналды. Халықаралық «Шығыс салбұрыны» фестиваліне биыл 80 бүркіт пен 30 сұңқар, 30 тазы әкелінген.
Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары:
- 5 шетел мемлекеттерінен түрлі құсбегілер келіп, өздерінің осы құстарының мықтылығын, қанатының қаттылығын сайыста көрсетіп отыр. Венгрия елінен, Ресей, Қырғызстан, Моңғолия жерінен келген құсбегілер өте жоғары нәтижеліктерін көрсетіп отыр. Биылғы фестивалді жақында Астана қаласында өткен көшпенділер ойынының жалғасы деп айтуымызға болады.
Сабо Гергали, құсбегі (Мажарстан):
- Фестиваль жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақстандағы қонақжайлылық пен халықтың ұлттық дәстүрге деген құрметі ерекше тәнті етті.
Фестиваль қазақ халқының мәдени мұрасын жандандырып, ұлттық спорт пен құндылықтарды дәріптеуді көздейді. Оған Моңғолия, Қытай, Мажарстан, Қырғызстан, Ресей құсбегілері де үн қосып жатыр. Бүркітшілер тойында Республикалық «Құсбегілік» федерацияға жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Президенттің Баспасөз хатшысы Берік Уәли Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен аты әлемге танылған бүркітші қыз Айшолпанға пәтер кілтін табыс етті.
Берік Уәли, Республикалық «Құсбегілік» федерациясының президенті:
- Бұл енді әлемнің 5 мемлекетінен құсбегілер жиналды. Өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, 5 мыңға жуық халық жиналып, осы құсбегілердің сайысын тамашалады. Біз өте қуаныштымыз. Осындай сайыстың жылдан жылға біздің елімізде өркендеп қанат жайғанына. Шетелден келген қонақтардың барлығы біздің өнерімізге деген сүйіспеншіліктерін айтып жатыр. Осы қонақтар арқылы бізге туризм саласына көптеп қонақтар тартылып жатыр. Өздеріңіз білесіздер, өткенде көшпенділер ойындарында Президентіміз: «Көшпенділер ойыны – Көшпенділер олимпиадасы», - деді. Шынымен де бұл олимпиадаға сай спорт деп айтуымызға болады.
Бүркіт төбеде 20 киіз үй тігілген. Оның айналасында қолөнерден шеберлік сағаттары өтті, өнерпаздар ән-күйден шашу шашты. Халықаралық фестивальдің барысын қалың көрерменге жеткізіп отырған тілшілер қауымы үшін де ыңғайлы жағдай жасалды. Ал жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне кубок, медаль және қаржылай сыйақы табысталды.
Авторы: Мерей Мұратханқызы