Ақтауда «Үздік маман-2024» дәстүрлі байқауы өз мәресіне жетті
Ақтауда «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының жұмысшы мамандықтары арасында өтетін дәстүрлі байқау өз мәресіне жетті, деп хабарлайды 24kz.
«Үздік маман-2024» сайысында мұнай-газ кешені саласындағы 17 мамандық бойынша жұмыс істейтін 300 қызметкер өз шеберлігін көрсетті. Бұл жолғы байқаудың ерекше тұсы – Румыниядан келген KMG International мекемесінің өкілдері де бақ сынады. Салтанатты шарада «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысушыларға алғысын білдіріп, жеңімпаздарды марапаттады.
Дәстүрлі сайыстың қорытынды кезеңіне қатысушылар – бұған дейін өз ұжымы арасында іріктеуден сүрінбей өткен жеңімпаздар. Әрқайсысы қорытынды сәтте өз біліктілігін көрсетуге күш салды. Шараның жабылу салтанатында сөз сөйлеген Асхат Хасенов қатысушылардың жақсы нәтиже көрсеткеніне ерекше тоқталды.
Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Дәстүрлі біздегі сайыс сегізінші рет болып жатыр осы бүгін. Мұның негізгі түйіні – мамандарымыздың шеберлігін көрсету. Ең бастысы, барлық еншілес мекемелеріміз қатысып жатыр. Соның ішінде бізде өзіміздің шетелдегі үлкен активіміз Rompetrol-дағы мұнай өңдеу зауытының мамандары келіп жатыр. Еңбек адамын құрметтеу, олардың еңбектерінің асқақтауы – осы ең басты мақсатымыз.
«Үздік маман-2024» байқауы екі кезеңнен тұрды. Қатысушылар теориялық білімін тексеруді көздейтін тестілеу сұрақтарына жауап беріп, тәжірибелік тапсырмаларды орындаудан өзара сынға түсті.
Айта кету керек, бұл жарыстар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының «Өзенмұнайгаз», «Маңғыстаумұнайгаз», «ҚазТрансОйл», ҚМГ «Инжиниринг» секілді еншілес компанияларының өндірістік алаңында ұйымдастырылды.
Азат Шынтөреев, «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкері:
- Мен осы сайысқа екінші рет қатысып тұрмын. «Қазгермұнайгаз» компаниясында болғам. Ол жылы үшінші орын алған болатынбыз. Биыл «Өзенмұнайгаз» акционерлік қоғамында болып жатыр. Өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластарымыз барлығы керемет дайындалған. «Электр жабдықтарын жөндеу және қалпына келтіру» мамандығы бойынша қатысқанмын.
Қазақ мемлекетінің мұнай-газ өндірісіне биыл 125 жыл толды. Ел экономикасын өрге сүйреген сала қызметкерлері арасында жыл сайын өтетін байқау «ҚазМұнайГаз»-ға еншілес компаниялардың еңбек ұжымдарын біріктіріп, жұмысшылардың кәсіби шеберлігін арттыруды көздейді.
Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев