Ақтау тұрғыны ит-мысыққа дронның көмегімен тамақ береді

Ақтаулық волонтер Владислав Прохоров көшедегі ит-мысықты радио арқылы басқарылатын машинаның көмегімен қоректендіреді.

Дронға орнатылған шағын кәрзеңкеге нан мен ет салып, қараусыз жүрген үй жануарларына береді.

Владиславтың көшедегі ит-мысықты ойыншық машинаның көмегімен тамақтандырып жүргеніне бір жылдай болған. 28 жастағы жігіт ай сайын жүздеген үй жануарына ас-су жеткізіп, күнделікті әрекетін интернетке жүктеп отырады. Ол радио арқылы басқаратын техниканың бейнежазу құралы бар. Кейбір түсірілімі 70 млннан астам қаралым жинапты. «Тамақты өз ақшама немесе жомарт жүрек тұрғындар жинап берген қаражатқа аламын» - дейді волонтер.

Владислав Прохоров, ерікті:

- жоба мақсаты - адамдарды ізгілікке шақыру. Қазір көшеде жүрген ит-мысық көп. Қараусыз қалған үй жануарларын тамақтандыру қиын шаруа емес. Маған күн сайын бірнеше адам хабарласып, қол ұшын созуға дайын екенін айтады. Интернетте қаралым көбейген сайын осы ісімді қолдап, жалғастырушылар көбейіп келеді. Қазір кейбір тұрғын мен сияқты ойыншық машинаның көмегімен мысықтарға тамақ пен су апарып беріп жүр. 

Еріктінің айтуынша, кейбір ит-мысық адамды маңына жуытпай алыстан қашады. Сондай кезде Владислав Прохоров дронды қолданады. Қараусыз жүрген үй жануарлары басында жатырқай қабылдапты. Кейін бойы үйренісіп алғаны соншалықты, тамақ тасушы дронның жерге қонуын тағатсыздана күтеді екен. 

Александр Убейкин, қала тұрғыны:

- Влад менің көршім. Дронмен мысықтарды тамақтандырып жүргенін кездейсоқ көріп қалдым. Менің ойымша, қайырымды азаматтың бұл әрекеті құптарлық жағдай. Оның әлеуметтік желідегі парақшасында көптеген адамдар жылы пікірлерін жазып, рахмет айтып жатыр.

Ақтаулық волонтер Египет, Түркия, Вьетнам мемлекетіне саяхаттауды армандайды. Шетелге дрон, радиомен басқарылатын ойыншық машинасын ала барып, сол жақта көшеде жүрген мысықтарды тамақтандырғысы келеді. Осылайша интернет қолданушыларды қайырымды іспен айналысуға шақыруды жоспарлап қойған. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев