Қайтарымсыз грант беру бағдарламасына өзгеріс енгізілді
Абай облысында мемлекеттің қолдауымен жаңа кәсіп ашқандар көбейді.
Былтыр 22 адам қайтарымсыз грант алып, шаруасын дөңгелетіп отыр. Жарма ауданының тұрғыны Думан Бейсенбекұлы аяқ киім тігетін шеберхана ашты. Ол жасаған бұйым талғамы жоғары тұтынушының көңілінен шығып жатыр.
Жарма ауданының тұрғыны Думан Бейсенбекұлы бізі бен қайшысы қолдан түспеген етікші. Алғашында өз үйінде аяқ-киім жөндеумен айналысқан. 5 млн теңгенің қайтарымсыз грантына қол жеткізіп, кәсібін кеңейтті. Бүгінде жеке шеберханасы бар.
Думан Бейсенбекұлы, кәсіпкер:
- Жылтырақ аяқ киімге қызығып жатамыз. Балаларымызға алып, өзіміз алып киіп жатамыз. Әзірден аяқтан суық өтсе, ұрпағымызға зиян. Әзір белің ауырып қалып жатады. Шығыстың суығы кереметтей суық қой енді. Айтпасақ та халық біледі. Қазір жақсы дүниені халық та біле бастады. Алады, көреді.
Қазір Думан Бейсенбекұлы аяқ киімнің онға жуық түрін тігеді. Қолдан шыққан өнімге сұраныс жоғары. Жармалық жұрт оны «Етікші Думан» дейді. Тұрақты келетін тұрғындар етікшінің жұмысына дән риза.
Серікқазы Хамзаев, Қалбатау ауылының тұрғыны:
- Жылы және сапасы да жақсы. Ана жолы өзіме алғанмын. Енді тағы біреу аламын. Балаларыма да алып беремін. Бағасы жақсы, тұрақты.
Өңірде шағын кәсіпкерлік саласында 105 мыңнан астам адам еңбек етеді. Былтыр грант алғысы келген 22 тұрғынның өтініші мақұлданған. Бұған жергілікті бюджеттен 100 млн теңге бөлінген. Биыл аталған бағдараламаға біраз өзгеріс енгізілді.
Мұрат Мәлікаждар, Жеке кәсіпкерлікті қолдау және дамыту бөлімінің басшысы:
- Биыл бұл мемлекеттік қолдау бүкіл кәсіпкерлерге бірдей тиесілі емес. Бұл бағдарламаға енді тек әлеуметтік кәсіпкерлер қатыса алады. Әлеуметтік кәсіпкерлер және «Бір ауыл, бір өнім» бағдарламасының финалистері қатыса алады. Абай облысынан әлеуметтік кәсіпкер санатына 30 адам кірді. «Бір ауыл, бір өнім» бағдарламасының финалистері алты адам.
Былтыр жаңа бизнес идеялар мен тың жобаларға басымдық берілді. Ал 2024 жылы әлеуметтік кәсіпкерлер мен «Бір ауыл, бір өнім» бағдарламасында іріктеуден өткендерге қолдау бар. Ол үшін бюджеттен 105 млн теңге қарастырылған. Бұл қаржыға 20-ға жуық кәсіпкер жобасын іске асыра алады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов