Қызылордада ауылшаруашылығы жәрмеңкесінде мың тонна өнім сатылды

Қызылордада «Алтын күз-2024» мерекесі мен қала күніне орай өткен жәрмеңкеде мың тоннаға жуық ауылшаруашылығы өнімі саудаға шығарылды.

Жергілікті өнімнің бағасы нарықтағыдан арзан. Әрі тауар өндірушілер делдалсыз тікелей әкеліп сатты. Ал ат жарысы мерекенің көркін қыздырды. Шара гала концертке ұласты.

Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған жәрмеңкені өңір басшысы Нұрлыбек Нәлібаев аралап, жергілікті тауар өндірушілердің еңбегін көрді. Әр ауданнан келген шаруалар мың тоннадан астам өнімді саудаға шығарды.

Ербол Құдалша, кәсіпкер:
- Құс өнімдерін алып келіп жатырмыз. Қазіргі таңда біз
«Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 8 млн 600 мың теңге кредит алып, осы жаздан бастап қостық іске.

Жәрмеңке тек сауда-саттықпен шектелмей, балаларға арналған ойындар мен түрлі сайыс ұйымдастырылды.

Нұржан Ахатов, қала әкімі:
- Біздің қала бойынша биыл 11 млрд-тың үстінде ауылшаруашылығы өнімдері өндірілді. Осы жерге 75 көлік, 141 мың тонна өнім әкелініп отыр. 15-20 пайыз арзан ұсынылып жатыр.
Сыр диқандары үлкен жетістікке қол жеткізіп жатыр.

«Алтын күз» шарасы ат жарысымен жалғасты. Аламан, тоқ, құнан бәйгеде оза шапқандар қомақты қаржылай жүлдеге ие болды. Ал орталық стадионда өткен гала концертте облыс әкімі қызылордалықтарды қала күні мерекесімен құттықтады.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:
- Қала күні қарсаңында тұрғындар асыға күткен
«Жайлы мектеп», оқушылар сарайы, теннис орталығы ел игілігіне табысталды. Сол жағалаудағы екінші ықшам ауданға салынған 470 пәтерлі 10 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді.

Мерекелік кеште қаланың дамуына сүбелі үлес қосқан жандар марапатталды. Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев