Жүргізуші куәлігіне емтихан тапсырушының бет-бейнесі тексеріледі

Енді жүргізуші куәлігін аламын деген адам екі деңгейлі тексерістен өтеді.

Емтихан тапсырар алдында оның атына тіркелген телефон номеріне СМС хабарлама келеді.

Сонымен қатар бет-бейнесі айқындалады, яғни биометриялық аутентификациядан өтеді. «Бұл әдістер алаяқтық жолын кесу мақсатында жасалып отыр» деп түсіндірді мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары. Жаңа жүйе 11 қазаннан бастап Астанада енгізілді. Ал жыл соңына дейін ел көлемінде іске қосылады.

Мұхтар Отарбай, «Азаматтарға арналған үкімет» МК МХҚКО департаменті директорының орынбасары:

- Тестілеу басталар алдында емтихан тапсырушыға 1414 нөмірінен дербес деректерге қол жеткізуге сұрау салатын хабарлама келіп түседі. SMS қолданушының электрондық үкімет порталының жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жіберіледі. Қолданушы оң жауап бергеннен кейін тест басталады. Пилоттық жоба әзірге Астана қаласында іске қосылды. Кейіннен республикаға жұмыс жасайтын болады. Осылайша біз ақпараттық жүйелерді оңтайландыру арқылы үшінші тұлғалардың емтиханға кіру мүмкіндігін азайтамыз.