Жастар арасында жұмыссыздық дендеп барады

«Бұл проблема еңбек нарығын жыл сайын толықтыратын 300 мыңнан астам жас маманның есебінен қиындайды деген болжам бар», – дейді депутат Дания Еспаева.

Оның айтуынша, проблемалар білім беру жүйесінен еңбек нарығына көшу сатысында басталады. Мұнда жастар білімі арқылы не өз дағдыларын жетілдіре алмайды, не жұмысқа орналасу арқылы тәжірибе де жинай алмайды. Депутат жоғары аудиторлық палатаның бағасына сүйеніп,  түрлі мемлекеттік бағдарламалармен құрылатын жұмыс орындарының көбісі уақытша екенін айтты. Ал жоғары оқу орнын бітіргендердің қанша пайызы нақты жұмысқа тұрғаны жайлы ақпарат жоқ екенін атап өтті.

Дания Еспаева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазіргі заманғы еңбек  нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары қайта қарастырып, экономиканың нақты секторларымен байланысын күшейту қажет. Еңбек нарығын дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасында оны дамытудың негізгі тәсілдері белгіленген. Атап айтқанда, жаңа сапалы жұмыс орындарын құрудың сипаттамалары айқындалған, сондай-ақ 2030 жылға қарай 3,8 млн жаңа жұмыс орнын құру бойынша батыл мақсат қойылды.