Балқаш ауданы бойынша күріш орағы 83% аяқталды

Алматы облысының Балқаш ауданында күріш ору науқаны қызу жүріп жатыр.

Іле өзеніндегі су деңгейі өткен жылмен салыстырғанда әлдеқайда мол болғандықтан, өнімділік жоғары. Көктем мезгілінде Қапшағай су қоймасынан Ілеге секундына 650 текше метр су жіберілді. Аудан шаруалары соның арқасында биыл 7 мың гектардай алқапқа күріш екті. Олар әр гектардан орта есеппен 43,1 центнерден өнім алуда. Ардақ Айбарұлы әңгімелейді.

Балқаш ауданында орналасқан бұл агроқұрылым егін және мал шаруашылығымен айналысады. 2001 жылы күріш өсіру ісін қолға алды. Олар көктемгі дала жұмыстары кезінде 900 гектар алқапқа Қызылорда мен Украинадан әкелінген күріш тұқымын екті. Қазір соның 700 гектарын орып алды. Шаруашылықтағы орташа өнімділік 45-50 центнерге дейін жетіп отыр.

Бекен Басшыбаев, Өндірістік кооператив директорының орынбасары:

- Күрішпен айналысқаныма 30-40 жыл болды. Бізде 100-140 адам істейді. Барлығы тұрақты жұмыста. Қысы-жазы істейді. Су мәселесі бойынша арасында қиындықтар туады. Бірақ әйтеуір өзіміз шешіп, тығырықтан шығып жатырмыз. Кейбір жерге сорғы қоямыз.

Шаруалар мемлекет тарапынан бөлінетін қолдау қаржынының уақытылы беріліп отырғанын айтты. Балқаш ауданы бойынша күріш өсірумен заңды тұлға ретінде тіркелген 19 шаруашылық айналысады.

Мырзақасым Айменов, Өндірістік кооперативтің басқарушы директоры:

- Көктемнен бастап жеңілдетілген жанаржағармай беріледі. Керек кезінде алып отырмыз. Тыңайтуға беру керек. Соның бәрін дайындап, құжаттарын өткізіп жатырмыз. Субсидияны алатын шығармыз.  

 Марлан Жолдахметов, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары:

- Енді негізгі бөлігі мына Миялы, Бақбақты, Береке, Ақдала ауылында осы күріш алқабы егілген. Бүгінгі таңда мына 6696 гектардың 5400 гектарындай шабылып, орташа өнімділік 43,1 центнерден гектарына алынды.

Балқаш ауданы бойынша күріш орағы 83 пайызға аяқталды. Қамбаға биыл 30 мың тоннадан астам дән құйылып, 6 мың тоннадай күріш ақталады деген болжам бар.

 

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов