Сарандағы үйлерде жылудың болмау себебі айтылды

Қарағанды облысының Саран қаласында 77 көп қабатты үйде жылу жоқ.

Оған жаңа жылу орталығының әлі қалыпты параметрлерге келмеуі себеп. Ал өңірде ауа райы күрт суып кетті. Әзірге үйлер уақытша ескі қосымша желілік қазандықтарға қосылып жатыр.

Жаңа жылу орталығы қаладағы тұрғын үйлердің 80 пайызын жылыту керек болатын. Алайда жаңа жылу орталығының автоматты қондырғылары әлі қалыпты параметрлерге келмеген. Осыған байланысты үйлерді аулада тұрған ескі желілік қазандықтарға шұғыл қосып жатыр. «Егер орталық қазандық дайын болмаса не үшін бұрынғы жылыту нысандарынан баспаналарды ағытып тастады?»,-дейді қала тұрғыны Эльвира Глухих.

Эльвира Глухих, Саран қаласының тұрғыны:

-Орталық қазандықты қашан қосатыны белгісіз. Олар келді де мына желілік қазандықтан үйлерді ағытып тастады. Құбырларын, біз өзіміз сатып алған кейбір жабдықтарын түгел алып тастады. Осындай жағдай болып қалуы мүмкін екенін біле тұра жайбарақат жүргендеріне таңмын.

Қазір қаладағы 91 көпқабатты үй желілік қазандықтармен жылытылып тұр. Қалған 77 үйдің тұрғындары күздің қара суығында пәтерлерінде дірдек қағып отыр. Кейбір көшелерде тіпті желілк қазандық та жоқ. Енді қажет болмайды деп жабдығын иелері бұзып тастаған. Осындай жағдайға тап болған Жәкенов, Зимин, Чкалов және Жеңіс көшелеріндегі екі қабатты үйлерде тұратын 100-ден астам отбасы енді не істерін білмей отыр.

Елена Борис, Саран қаласының тұрғыны:

- Елдің барлығы далаға шығып кетті. Күннің көзіне жылынып жүрміз. Үйде отыру мүмкін емес. 1 қазаннан береміз деген жылу әлі жоқ. Балалары бар отбасыларға тіпті қиын. 

Қазір пәтерлері салқын тұрғындар электр жылытқыш қосып отыр. Бірақ тұтынылған электр энергиясы үшін төленетін ақы қайта есептеледі. Людмила Костюк кішкентай баласы болғандықтан электр жылытқышты күндіз-түні сөндірмей отырмыз, дейді.

Людмила Костюк, Саран қаласының тұрғыны:

- Батареялар мұздай болып тұр. Үйдің іші қатты суып кетті. Міне терезенің өзі буланып жатыр. балам суық тиіп ауырып қалды. Жылу маусымына ертерек қамданған кезде қалада мұндай жағдай болмаушы еді.

Жаңа жылу орталығы қаладағы 168 көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандарды жылытуы тиіс. Мұндағы қазандықтар қажетті температураға дейін қыздырылған соң барлық үйге жылу беріледі, дейді қала әкімі Еркін Баулықов. 

Еркін Баулықов, Саран қаласының әкімі:

- Орталық қазандық жұмыс істеп жатыр. Режимдік жұмысына шығайын деп жатыр. Критичный жағдай емес . бұл жаңадан салынған котельнйй, жаңа қондырғылар, бүкіл мамандар бар. Пусконаладчиктер де бар. Бізге көмектесіп жатыр. Үйретіп жатыр қалай жұмыс істеу керектігін. 

Саран қаласындағы жылу орталығының құрылысы 13 жылға созылған еді. Сақалды Сағызша созылған құрылыс биыл біткен кезде тұрғындар қатты қуанған еді. «Алайда соңғы жағдай қуанышымызды күмәнға айналдырды» дейді жұртшылық.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар