Өскеменде электр станцияларын жаңарту жұмысы басталды
Өскеменде қосалқы электр станцияларын жаңарту жұмыстары басталды.
Жергілікті билік олардың қуатын арттыруға ниетті. Себебі жыл өткен сайын қалада электр энергиясының тапшылығы артып келеді. Бұдан бөлек жаңадан бой көтерген нысандарды электр желілеріне қосу керек. Қазір облыс орталығында 9 шағын аудан салынып жатыр.
Өскеменнің сол жағалауында жарық жиі сөніп қалады. Тек биылдың өзінде электр желілерінде 17 рет апат болған. Мәселені шешу үшін мамандар қосалқы станцияларды жөндеп жатыр. Мысалы әбден тозған мына қосалқы электр станциясының құрылғылары 90 процентке жаңартылды.
Электр компаниясының директоры Ерболат Әлпиев «өңірде қуат тапшылығы қазірдің өзінде сезіліп отыр» дейді. Мысалы жаз мезгілінде Өскемен халқы 350 мегаватт электр қуатын тұтынса, бұл көрсеткіш қысты күндері екі есеге дейін өседі. 40 жылға жуық энергетика саласында еңбек етіп жүрген маман сондықтан қосымша қуат көздерін салуды ұсынады.
Ерболат Әлпиев, электр компаниясының директоры:
- «Спорт» микрорайоны бар және «Нұрлы жол» микрорайоны бар, 19-микрорайондарда үлкен этажды үйлерді қосу үшін кем дегенде 15-20 мегаватт электр энергиясы қажет. Ол бүгінгі таңда әзірге бізде жетпейді. Сондықтан да Өскемен қаласына жаңағыдай үлкен подстанциялар қажет-ақ.
Өскеменде құрылыс қарқынды. Облыс орталығының сол жағалауында 9 шағын аудан салынып жатыр. Қазірдің өзінде 10-даған көпқабатты тұрғын үй бой көтерді. Болашақта 6 мың абонент электр желісіне қосылады. Сондықтан, энергетиктер қазірден бастап дайындық жұмыстарына кіріскен. Алдағы жылдары Өскеменнің шеткері ауданында жаңадан 2 қосалқы электр станциясы пайдалануға беріледі.
Мерей Әкімжанов, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
- Өскемен қаласында бүгінгі таңда екі подстанция жұмысы атқарылу үстінде. Оның жұмыстары 60-70 пайызға жүзеге асқан. Біреуі 25 мегеваттқа, біреуі 15 мегаваттқа арналған. Алайда соған қосымша біздің генеральный планға сәйкес тағы екі подстанция жүзеге астын болады. ол бүгінгі таңда сбор исходных данных жүріп жатыр. ол 160 мегеваттқа арналған.
Қосалқы электр станцияларын жаңарту жұмыстары келер жылы да жалғасады. 2025 жылы кабельдік желілердің 50-ге жуық учаскесі жаңасына ауыстырылады. Оған облыс қазынасынан 500 млн теңге бағытталып отыр.
Елдос Кәкенов, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин