Семейде жол апаты көбейген
Семейде жол апаты екі есе көбейген.
Жыл басынан бері 544 жол- көлік оқиғасы тіркелді. Тәртіп сақшылары ақпараттық-түсіндіру жұмысын жиі жүргізеді. Соған қарамастан қайғылы жағдай азаймай тұр.
Семейліктердің айтуынша Бозтаев атындағы көше жаяу жүргіншілер үшін қауіпті. Арнайы белгі болғанымен, ол қараңғыда көрінбейді. Қатты келе жатқан көлік адамды байқамай қалады- дейді тұрғындар. Жол апаты жиілегеннен кейін бір жерге жүргіншілерге арналған тетігі бар бағдаршам орнатылған.
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Жолдағы қауіпсіздікті сақтамаудың арты қайғылы оқиғаға әкелетіні айдан анық. Семейде өткен аптада 21 жастағы бойжеткен дәл осы жаяу жүргіншілер жолағында көлік астына түсті. Ол оқиға орнында тіл қатпай кетті.
Жыл басынан бері өңірде 544 жол апаты тіркелген. 681 адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түссе, 68 азамат қайтыс болды.
- Авариядан кейін болып жатыр. Оған дейін свет те жанбайды. Ана жерінде бар, мына жерінде жоқ.
- Міне машиналар біреуі тоқтайды, біреуі тоқтамайды. Өзімнің көршім үлкен кісі осындай неге ұшырап, жарты жылдай бір жылдай больницада жатты.
Сол светофорларды орнату керек. Келесі жолы мұндай келеңсіз жағдайлар орын алмауы үшін.
Тәртіп сақшылары түсіндіру жұмыстары үнемі жүргізіледі дейді. Алайда, жол-көлік оқиғаларына қатысты статистика көңіл көншітпейді. Жыл басынан бері Абай облысында 213 мың жүргізуші әкімшілік жазаға тартылып, 2 млрд теңгеден астам айыппұл салынған.
Ержан Ақбаев, Абай облысы ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары:
- ЖКО алдын алу және болдырмау мақсатында мотоцикл құралдарын қауіпсіз басқару және жол қозғалысы ережелерін сақтау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жылдамдық режимінен аспауға, қауіпті маневрлерден аулақ болуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін мотоциклдерді қорғаныс шлемімен басқаруға шақырады.
Елімізде жылына 2 мыңға жуық адам жол үстінде көз жұмады. Сондықтан жол ережесін ескерген жөн- дейді полиция қызметкерлері.
Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов