Әулиекөлде жаңа балабақша халық игілігіне берілді

Қостанай облысының Әулиекөл кентінде 280 орындық жаңа балабақша ашылды.

«Халық» қорының қолдауымен салынған нысан сәулеті мен, жасау-жабдығы жағынан ерекше көз тартады. Сыйымдылығы мен аумағы кең ондай балабақша, ауыл-аймақ түгілі қаланың өзінде некен-саяқ.

Жаңа балабақшаның ашылуы Әулиекөл тұрғындары үшін маңызды оқиғаның бірі. Бұл мекеме жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына да оң әсерін тигізіп отыр. Атап айтсақ, Әулиекөлде балаларды балабақшамен қамту мәселесі толық шешілді. Одан бөлек 60 жұмыс орыны ашылды. 

Аруна Меңбекова, Әулиекөл ауылының тұрғыны:

- Біз бұл балабақшаны ауданның тұрғындары бар, барлығымыз күттік. Мен осы балабақша салынып жатқан кезде, балаларымды кезекке қойып қойдым. Біріншіден Президентімізге, екіншіден «Халық» қазақстандық қорына алғысымды айтамын. 

Аумағы 4 мың шаршы метрден асатын үш қабатты жаңа балабақшада балаларға барлық жағдай жасалған. Ойын, жатын, музыка бөлмелері, спорт, акт залы кең, жайлы, ыңғайлы және заманауи үлгіде жабдықталған. 

Айсара Сыздықова, балабақша әдіскері:

- Бұрынғы балабақшалармен салыстырғанда әрине көп ерекшеліктері бар. Бұнда бөлек спорт залы бар. Үш оқыту бөлмесі бар. Сыртқы алаңдарда бізде спорт  алаңы бөлек, ойын алаңы бөлек.

«Halyk» қоры балабақшаның құрылысы мен қажетті жабдықтарды алуға 1,3 миллиард теңге қаражат бөлген. Айта кетейік, одан бөлек қайырымдылық қор өңірдегі биылғы тасқын судың салдарын жоюға 100 миллион теңге қаражат бөлген.  жыл ішінде атқарылған мұндай қайырымдылық шаралар аз емес. 

Нариман Әбілшайықов, "Halyk" қайырымдылық қорының басқарушы директоры:

- Жалпы Қазақстан бойынша қордың қоржынында бізде 120-дан астам жоба бар. Осы жобаларды іске асыру мақсатында қордың демеушісі Құлыбаев Тимур Асқарұлы 85 миллиард тенге қаражат бөлді. Сондықтан осы жобалар тек бір облыста ғана емес, бүкіл Қазақстанның қай облысы болсын ауылы болсын осындай игі шаралар іске асып отыр. 

Бұл коммерциялық жоба емес. Сондықтан «Халық» қоры қаржысына салынған әлеуметтік нысандардың барлығы жергілікті әкімдіктің балансына беріледі.

Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг