24 қазан – Кітапханашылар күні

24 қазан – Кітапханашылар күні. Елде «Кітапхана ісі, ақпаратты өңдеу және мұрағат ісі» бойынша маман даярлайтын 12 жоғары оқу орны бар. Жыл сайын мемлекеттік білім беру тапсырысы артып келеді. Мәселен, 2024-2025 оқу жылында «Кітапхана ісі» бойынша 150 грант бөлінген. Мұны кітапханашы мамандығына көрсетілген құрмет деп қарау керек. Жалпы елде 11 995 кітапхана мен 25 мыңнан астам кітапханашы бар екен.

Баға жетпес байлықтың бірі – кітап, оны насихаттаушы – кітапханашы. Ол – оқырманның қызығушылығын қалыптастырып, сұранысын қанағаттандыратын маман иесі. Ұлттық академиялық кітапхана «Әке мен бала», «Жанды кітап», «Отбасымен бірге оқимыз», жобасын қолға алған. «Бұл – уақыттың талабы, кітапханаға оқырман тартудың жолы», – дейді кітапханашы Клара Қолдабаева.

Клара Қолдабаева, кітапханашы:

- Одан бөлек, «Креатив клуб», «Әжемнің ертегісі» секілді жобаларымыз бар. Мұның бәрі өскен ұрпаққа деген ерекше қызметіміз деп ойлаймыз. Себебі балалар біздің осы іс-шараларымызға қатысу арқылы өздерінің білімдерін көрсетеді. Біздің басты мақсатымыз – баланы сөйлету.

Кітап оқитындар үшін барлық жағдай жасалған. Тіпті кітапханаға келмей-ақ, үйден оқу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұны Ұлттық академиялық кітапхананың қызметкері Алма Мүрсәлімова айтып берді.

Алма Мүрсәлімова, кітапханашы:

- Қазіргі уақытта жастардың кітап оқуға құштарлығын арттыру үшін бізде Ұлттық академиялық кітапханада «Қазақ ұлттық кітапханасы» деген өзіміздің порталымыз бар. Ол порталда біз кітаптарды, құжаттарды өңдеп, порталға саламыз. Ол порталдан кез келген адам үйде отырып, қария болсын, жастар, оқушылар болсын, үйден қарап оқи алады.

«Мұның барлығы баланы жастан тәрбиелеу үшін қажет», – дейді кітапханашылар. Мамандар ойы озық, заман көшінен қалғысы келмейтін әр адам кітапхана есігін жиі ашып тұру керек дегенді де айтты. Қазақстанда балаларға арналған 245, ал жасөспірімдердің 11 кітапханасы бар. Жалпы ел бойынша 11 995 кітапхана болса, 25 мыңнан астам кітапханашы қызмет етеді.

Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Абдулхамит Бөлекбаев.