Елде 42 жаңа су қоймасы салынады
Елімізде алдағы 4 жылда 42 жаңа су қоймасы салынады. Сондай-ақ 37 гидротехникалық құрылысты реконструкциялау жоспары бар. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Су кеңесінің отырысында айтылды. 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жоспар аясында 14 мың шақырымға жуық суару арналарын салу және жаңғырту көзделіп отыр.
Келесі жылы 11 жоба қолға алынады. Осы ретте шаруаларды су үнемдеу технологияларына көшуге ынталандыру маңызды. Сол себепті инвестициялық субсидиялау ережелеріне өзгерістер енгізілді. Оған сай жаңа технологияны сатып алу және орнату шығындарының 80%-і өтеледі. Инфрақұрылымды жүргізу кезінде шаруалардың ұңғымаларды бұрғылауға жұмсаған шығындарын өтеу үлесі де 50%-тен 80%-ке дейін арттырылды. Су саласына қажет 757 техника сатып алынады. Бүл үшін Үкіметтен 51,7 млрд теңге бөлінді. Салада кадр даярлау мәселесі де реттеліп келеді. Биыл құрылған Қазақ ұлттық су шаруашылығы және ирригация университетіне су мамандығы бойынша 523 бакалавриат студент қабылданды, бұл өткен оқу жылымен салыстырғанда 2 есе көп. 80-нен астам студент «Қазсушар»-дың өңірлік филиалдарында өндірістік тәжірибеден өтті. 450 отандық маман Нидерланд Корольдігімен бірлесіп, біліктілігін арттыру курсынан өтті. Сондай-ақ «Болашақ» бағдарламасына су шаруашылығы саласындағы мамандықтар енгізілді.