Елімізде дегерес қой тұқымының саны күрт кеміп кетті
Елде дегерес қой тұқымының саны күрт кеміп кетті, деп хабарлайды 24kz.
Алматы облысының Балқаш ауданында өткен ғасырдың соңында 130 мыңға жуық дегерес қойы болса, бүгінде содан 2 мың бастай ғана қалды. «Бұл қойдың тұқымын сақтап, көбейту үшін Үкімет тарапынан қолдау қажет», - дейді жергілікті шаруалар.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Дегерес қой тұқымы 1930-1980 жылдары Алматы облысында жергілікті қылшық жүнді құйрықты саулықты шропшир және прекос қошқарларымен будандастыру нәтижесінде пайда болды. Ол жаңа тұқым ретінде 1980 жылы бекітілді. Қазіргі таңда Балқаш ауданында аталған қой тұқымын өсірумен айналысатын бір-ақ ірі шаруашылық қалды. Онда қазір екі мыңдай таза қанды дегерес қойы бар. Соның 1500-і аналық бас.
Нұрлан Атайбеков, шаруа қожалығының басшысы:
- Ол Қазақстанның өз өнімі. Біздің Садықұлов Тілеухан деген авторы сол кісі. Біз өзіміз 1991 жылдан бері айналысамыз, ата кәсіп десек те болады. Иә, мемлекеттен көмек, жем-шөбіне жаңағы субсидиясы қарастырылған. Аналық басқа 4 мың теңгеден беріледі субсидия. Жем-шөбіне 3 мың теңгеден қарастырылған. Мемлекеттен жақсы көмек болып жатыр.
Бұл етті, жүнді бағыттағы биязы жүнді, құйрықты қой тұқымы табиғаттың қатал мінезіне өте төзімді келеді. Жыл он екі ай бойы жайылып шығады. Шөп талғамайды. Саулығы 60, ал қошқарының салмағы 110 келіге дейін тартады.
Марлан Жолдахметов, Балқаш ауданы әкімінің орынбасары:
- Енді әрбір шаруа қожалығымен жұмыс жасап жатырмыз. Мемлекет тарапынан қарастырылған жаңағы субсидиялары жылда беріліп келе жатыр. Одан басқа енді ветслужбаның мамандарымен уақытылы емдерін беріп, жағдайын жасап, сол бағытта жұмыстар жасалып жатыр.
Айдар Ержігітов, Миялы ауылдық округінің мал дәрігері:
- Жылда Үкіметтен бөлініп жатқан аса қауіпті 15 түрлі ауруға қарсы егіледі. Төрт атар төрт шаруашылыққа бөлінген, төрт қыстауға. Сол қыстаулардан, міне, көктем айларында, күз айларында қан алуымыз бар, вакцина егуіміз бар. Осындай шаруашылықтардың арқасында бізге де жұмыс болып жатыр, міне.
Еліміз бойынша дегерес асылтұқымды қойын өсірумен айналысатын 3-ақ ірі шаруашылық қалды. Оның бірі Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында, қалған екеуі Алматы облысының Жамбыл және Балқаш аудандарында орналасқан. Балқаш ауданындағы тағы бір шаруашылық алдағы жылы 500 бас дегерес қойының төлін алып, өсіруді жоспарлап отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсембаев, Аманжол Жөңкешов