Қостанай облысында тасқыннан қырылған мал шығыны өтеліп жатыр
Қостанай облысында тасқын кезінде бес мыңға жуық ірілі-ұсақты мал қырылған, деп хабарлайды 24kz.
Қазір Үкімет берген өтемақы есебінен шығынның басым бөлігінің орны толды. Шаруалар төрт түлігін түгендеп, қора-қопсыларын жөндеп, қысқа қамданып жатыр. Табиғи апат салдарынан бар малынан айырылса да, ата кәсіптен айнымаған жігерлі жандардың бірімен арна тілшісі кездесті.
Мағауия Қалиев, тілші:
- Байғабыл ауылдық округіне қарасты осы бір жер аумағында он шақты шаруа қожалығы бар. Олардың барлығы мал ұстайды. Өткен көктемгі тасқын кезінде солардың екі мыңға жуық ірілі-ұсақты малы шығын болған. Бүгінде олар өтемақыларын алып, мал басын қалпына келтіріп жатыр.
Амангелді ауданының осы бір төңірегіндегі шаруалардың ішінде ең көп зардап шеккені –ағайынды Тұрамағанбетовтер. Ағалы-інілі Мырзағали мен Мұраттың ұсақ қой-ешкілерін айтпағанда 512 ірі қарасы мен 129 жылқысы қырылған. Оның сыртында қыстақтағы үй-жайы, қорасы бұзылып, техникасы бүлінді. Бірақ олар оған мойыған жоқ. Мемлекеттен тиісті өтемақыларын алып, бірінші кезекте мал жинауға кірісті.
Мырзағали Тұрмағанбетов, шаруа:
- Ірі қара мал 300-дің үстіне шықты. Ал жылқы малын орнына келтіріп алдық. Қора-қопсыны қалпына келтіру жұмысы жалғасуда. Осы күн салқын түскенше бітіреміз деп ойлап отырдық. Қазіргі кезде шөп шабу кезеңін аяқтадық. Қазір шөбімізді бәрін жинап, буып-түйіліп қысқа дайынбыз. Енді сол қораның жұмыстары қалды.
Өтемақы мөлшері көптің көңілінен шығып отыр. Қой басына 60 мың теңге, ешкі одан да қымбат. Сиырға 400 мың теңге, жылқыға 700 мың теңге шамасында төленеді. Әрине, малдың жасына қарай төлем мөлшері де әртүрлі. Бірақ нарықтық бағаға сай. Амангелді ауданы бойынша бірінші кезеңде өтемақыға 77 адамнан өтініш келіп түскен. Оларға 1 млрд-тан астам теңге төленді. Қазір құжат қабылдаудың екінші кезеңі жүріп жатыр.
Абай Шөкенов, Амангелді ауданы әкімінің орынбасары:
- Ауыл шараушылығы министрінің 167-ші бұйрығы бойынша документтерді қабылдау мерзімі ұзартылған. Соған байланысты тағы да құжат тапсырған адамдар бар. Оның бәрін комиссияның қарауында болып, енді қазір өтемақы төлеу сұрағы шешіледі. Ақша бөлініп, төленейін деп жатыр.
Ветеринария басқармасы басшысының айтуынша, облыс бойынша осы күнге дейін 3520 өлген малға өтемақы берілген.
Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг