Атыраулық балықшылар лимитті игере алмауы мүмкін

Атырау балықшылары Жайық-Каспий бассейнінен бөлінген лимитті орындай алмауы мүмкін.

Көктемгі маусымда 19 кооператив белгіленген 15 мың тонна балықтың тек 6 мың тоннасын игерді. Қазір күзгі тартым басталғанымен нәтиже көңілдегідей емес.

Амангелді Борашұлының өзеннен су маржанын сүзгелі 35 жылдан асты. Бірақ жыл санап ата кәсіптен несіп теру қиынға айналып бара жатқанын айтады. «Себебі бұрын бір тартымда 5-7 центнер беретін Жайық өзенінен береке қашты», - дейді балықшы.

Амангелді Борашұлы, балықшы:
-
Балық деген жоққа жақын. Кейде бір 200 келі болады. 1 тонна ауласақ, қуанатындай дәржеге жеттік. Табыс ұстаған балыққа байланысты ақысын береді. Теңізден бері қарай балық келмей тұр.

Біз аралап көрген балықшы кооперативке қарасты 5 тартым учаске бар. Оның 3-уі Жайық өзенінде, қалғаны Қиғаш бойында орналасқан. Бірақ екі өзендегі жағдай мәз емес.

Асқар Қабесов, балықшы бригадасының жетекшісі:
-
Таңертең 9-дан бері тартып жатырмыз. Осы төртінші тартым. Айтарлықтай балық жоқ. 50-60 келідей түсті. Басында 100-200 келідей шығады, сосын нашарлай береді. Көктемде су мол болды да, тартымдарды су басып кетті.  Дұрыс аулай алмай қалдық. 

Біз қазір төртінші тартымның куәсі болып тұрмыз. Өкінішке орай, балықшылардың белуардан су кешіп жүрген бейнеттері ақталмайтындай. Балықтың аздығы өз алдына, қазір оның түрі де азайып кеткен. Шығып жатқан негізінен шабақтар, соның ішінде табан балығы. Баяғы Жайықтың әйгілі мәңгірбас сазаны мен құлаш шығатын жайындары арманға айналған.

Су маржандарының азайып кеткенін балық қорғау инспекциясының мамандары да жоққа шығармайды. Жайық, Қиғаш өзендеріне ау жайған 19 балықшы кооперативке бөлінген 15 мың тонна лимиттің көктемде 6 мың тоннасын ғана игерген.

Бауыржан Орақұлы, облыстық Дамбы инспекциясының бас маманы:
-
Оның бірнеше себептері бар. Каспий теңізінің тартылып кетуі, бұрын өзектер болатын балық шығатын. Сол өзектердің жабылып қалуы және мына теңіз тамағының таяздап қалуы: Қазіргі уақытта табан балығы, сосын көксеркенің ұсақ түрі қалып тұр. Бұрынғы аққайраң балығы сиреп кетті. 

Жайық, Қиғаш өзендерінің Каспийге құятын сағаларын тереңдету жұмыстары 4 жыл бойы жүргізіліп жатыр. Биыл көктемде 56 шақырымнан Жайық-Каспий каналын тереңдету басталды. Жоба жүзеге асқанда канал 1,5 метрге дейін тереңдейді. Ал әзірге, балықшылар теңізден оң жел күтіп отыр.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин