Қарағанды - Балқаш тас жолы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі

2019 жылдан бастап созылып келе жатқан «Қарағанды-Балқаш» тас жолының қалған 200 шақырымға жуық учаскесі жыл соңына дейін толық ашылады.

Мұнда асфальт төсеу жұмыстары аяқталған. Қазіргі уақытта қоршаулар, қосымша инфрақұрылым салынуда. Халықаралық логистикалық маңызға ие күре жолдың «Қарағанды-Балқаш» учаскесі 363 шақырым. Әзірге тек 173 шақырымында ғана 4 жолақ бойынша көлік қатынасына рұқсат берілген. Жолдың сапасы зертхана мамандарының назарында. Биылдың өзінде 124 рет тексеріске шығып, анықталған олқылықтар уақытылы жөнделген.

Айбек Амантаев, "Қазавтожол" ҰК" ҚОФ директорының орынбасары:

- Қазіргі таңда 363 км жолдың 173 км аштық. Қалғанын айдың соңына дейін ашамыз. Ауа райына байланысты жұмыстар кешігіп жатыр. Бірақ асфальт жұмыстары емес, обустройство. 

«Қарағанды-Балқаш» тас жолында апат жиі болады. Көбіне қайғылы жағдайларға жүргізушілердің екі жолақты учаскелерде қарсы бетке шығып кетуі себеп. Биылдың өзінде 79 жол апаты болып, 47 адам қаза тапты.