Атырау облысы Махамбет ауданының шаруаларына 740 млн теңге өтемақы төленді
Атырау облысындағы Махамбет ауданының шаруаларына 740 миллион теңге төленді.
Бұл су тасқынынан келген шығынның өтемақысы. Көктемде Жайық арнасынан асып, 12 елді мекеннің 100-ге тарта шаруашылығы зардап шекті. Биыл Махамбет ауданымен қоса Индердегі егіншілер де көктемгі дала жұмысына кірісе алмады. Ал күзде еккендері су астында қалды.
Мақсот Орынбасов былтыр күзде 87 гектар алқапқа жоңышқа еккен. Бірақ бой көтерген өскіндері көктемде түгелімен су астында қалды. Осылайша шаруа 13 млн теңгеге шығынға батты. Енді өтемақысын алып, ісін қайта қолға алды.
Мақсот Орынбасов, шаруашылық жетекшісі:
- Сол тұқымға, жанар майымызға жетіп, жақсы болып қалды. Биыл күзде егіп, суарып та алдық. Бірнеше рет суарып, орнына келтіріп, міне шөптеріміз өсіп жатыр. Келесі жылға дайындық бәрі жақсы болады ғой деп ойлаймыз.
Тасқын зардабын зерделеу және өтемақы төлеу бойынша құрылған Махамбет аудандық комиссиясының шешімімен күні бүгінге 69 егіншіге 738 млн тегңге, мал шаруашылығымен айналысатын 3 қожалыққа 2 млн теңге төленді. Енді суға кеткен ауыл шаруашылығы техникалары мен мал қыстақтарының шығыны есептеледі. Қазір 15 арыз қаралып жатыр, дейді аудандық комиссия төрағасы Асхат Аймұратов.
Асхат Аймұратов, Махамбет ауданы әкімінің орынбасары:
- Ол жөнінде 3-ші комиссия құрылды. Қазіргі таңда бұл бойынша тексеріс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы арыздар келіп түсіп жатыр. Біз анықтама береміз аудандық комиссиямен: шын мәнінде суға кетті ме, қалай болғаны жөнінде құжаттарын түгендетіп, облыстық комиссияға тапсырамыз. Қаржысы облыстан төленеді.
Биылғы тасқыннан әсіресе Жайық өзені бойындағы шаруашылықтар айтарлықтай зардап шекті. Облыс бойынша Индер ауданынан 4 шаруашылықтан, ал Махамбет ауданынан 94 шаруашылықтан арыз түскен. Қазір егін мен мал шығындары толық төленді.
Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин